Головкин айқасатын 5 боксшы

Сообщить о проблеме с эфиром

Жаһандық бокс жұлдызы Головкин әзірге демалыста жүргенімен, ESPN телеарнасы оның болашақтағы бес қарсыласының тізімін жасап көрді. Болжам бойынша 2019 жылдан бастап 37 жастағы Головкин осы былғары қолғап шеберлерімен жұдырықтасқан соң, мансабын аяқтауы мүмкін екен.

Мансабында тұңғыш жеңілген соң, Головкинді «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» батыр емес деушілердің қарасы көбейген. Олар Генаны кезектесіп жекпе-жекке шақырып, жеке басының жарнамасына пайдаланып қалуға тырысып жүр. Бірақ, шындап келгенде 39 кездесуінің, 34-ін нокаутпен түйіндеген Головкинге, қазір қауқарлы қарсылық көрсетер боксшылар саусақпен санарлық.

ESPN телеарнасы жасаған тізімде бірінші тұрған Сауль Альварес. Бұған дейін екі мәрте айқасқан Головкин мен Канело, рингте үшінші рет қолғап түйістіріп, бұл драманың нүктесін қоюы тиіс деп санайды жанкүйерлер. Бір мәрте тең түсіп, екінші рет чемпиондығынан айрылып, есе жіберген Генадий үшін бұл жекпе-жекті өткізу – басты парызы!

Орта салмақтағы WBC-дің уақытша чемпионы Джермал Чарлоның командасы біраздан бері Головкиннің ізінде жүр. GGG тарапы да 27 жекпе-жегінің бәрін ұтып, 21 нокаут тіркеген америкалық боксшымен қолғап түйістіруге құлықты.

Екінші орта салмақтың серкесі Каллум Смит те Геннадий үшін басты қарсыластың бірі. Ұтылып көрмеген, бойы мен қолы ұзын, салмағы ауырлау британдық боксшы – Бүкіләмедік бокс суперсериясының жеңімпазы. Оның командасы Головкинге ресми түрде ұсыныс жіберіп те үлгерген.

Бірінші орта салмақтағы WBA (Super), IBF және IBO чемпионы Джарретт Херд, жақсы соққылармен белгілі. Дегенмен, жұдырығы жойқын, техникасы білікті Гена, 22 жеңісі мен 15 нокауты бар америкалықты ұтуға қауқарлы дейді мамандар.

Хайме Мунгуйя да GGG-мен айқасудан дәмелі. Ол қазір бірінші орта салмақтағы WBO белбеуінің иегері. Бұған дейін Головкинді жекпе-жекке шақырған 22 жастағы мексикалық жас талант, өзінің ашық айқасты сүйетіндігімен әйгілі. Хайменің 31 жеңісі мен 26 нокауты, Головкинді еш үрейлендірмесі анық.