Отандық көрермендердің таңдауы – фэнтези жанры. Өткен уик-эндте «Фантастикалық құбыжықтардың» екінші бөлімі үздік деп танылды. Лентада зұлым кейіпкерді сомдайтын Джонни Деп, сценарийді оқымай-ақ келісіпті.
Ticketon.kz сайтының сараптамасы бойынша, «Фантастикалық құбыжықтар» 502 млн теңгемен бірінші орынға жайғасты. Гарри Поттер фильмімен ұштасатын картинада, зұлым кейіпкер Грин-де-Вальд, қиял-ғажайыптар әлеміне қауіп төндірмек. Оның жолын бөгеу үшін, Альбус Дамблдор, өзінің шәкірті - Ньют Саламандерді көмекке шақырады. Сиқыршылардың өзара бәсекесі мен шайқасы шытырманға толы.
Әйгілі «Queen» тобы жайлы «Богемалық рапсодия» лентасы бұл аптада – 44 млн теңге қаржыға кенелді. Аты аңызға айналған ұжымның көшбасшысы Фредди Меркьюридің шығармашылық жолын баяндайтын картина, музыканттардың жарты ғасырлық мерейтойына арналған. Туындыда әлем таныған өнерпаздардың сахнадан тыс өмірі де суреттеледі.
Үздік үштікті 18 млн теңгеден аса пайдамен актер Киану Ривз ойнаған, «Репродукция» фильмі түйіндеп тұр. Фантастикаға толы туынды, жол-көлік апатынан соң отбасынан айрылатын биолог ғалым жайлы. Өмірінің мәні қалмағанын сезген ол, заманауи технологиялардың көмегімен жанұясын қайта тірілтеді.