Димашты біз бағалай алдық па?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Былтыр аспан асты елінде аты мәшһүр болған Димаштың, енді тұманды альбионды тамсандырғанынан отандық өнерпаздар да хабардар. Алайда, бүгін әлем таныған қазақ баласын кеше лайықты бағалай алдық па? Жұлдыздар жауап береді!

Қазақ баласының жұлдызы Қытайда өткен «I am singer» жобасынан кейін жарқырай түсті. Ерекше дарын иесі халықаралық додаларда талай мәрте топ жарса да, тума талантты туған жері бағалай білді ме?

Алтынай Жорабаева, әнші:

-Аса қатты бағаланбады. «I am singer-ге» барған кезде ол бүкіл мүмкіншілігін ашып жіберді.

«Асыл» тобы:

-«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген бізде нық айтылып жатыр. Нақ қолданылып жатыр деп айтсақ болады. Себебі Назима болсын, Димаш болсын шет елге атын шығарып, дәлелдеп келгенде ғана біздің көрермен оны қабылдайды, сүйеді және біздің адам деп мақтанады.

Димашты бала кезден танып, оның вокалдық қабілетіне тәнті болған Арман Дүйсенов әріптестерінің бұл пікірімен мүлде келіспейді.

Арман Дүйсенов, әнші, композитор:

-Қазақстанда негізінде бағаланған жоқ деп айту қате. Себебі, сол кездің өзінде Димаш жоғары лауазымды тұлғалар қатысатын концерттерге қатысып, сол орта мойындаған әнші болатын. Шынымды айтайын, сол кездің өзінде Қытайға бармай тұрып, тойға шақыру оңай болмайтын.

Құдайбергенов әлем сахналарында – ұлттық музыканы да дәріптеуді ұмыт қалдырған емес. Күні кеше Лондон төрінде ерекше шоу ұсынған әнші, өткен жолы АҚШ аудиториясына да естен кетпес әсер сыйлаған еді.

Майра Ілиясова, әнші:

-Американың тыңдаушылары да таңғалды. Мен өзім бірге жүріп барған сайын, көрген сайын, тыңдаған сайын Димашты әр қырынан танимын. Оның кереметтілігі «Дайдидау» әнін айтса толыққанды қазақтың дәстүрін айтады да, сол сәтте ағылшын тілінде айтса, ол соны да жеріне жеткізіп айтады.