Лондон төріндегі дүбірлі той! Күні кеше Димаш Құдайбергенов тағы бір мәрте жаһанды дүр сілкіндірді. Қазақстандық ерекше талант иесінің вокалдық қабілеті, бұл жолы тұманды альбиондағы тыңдармандарды да тәнті қылған.
Бұл шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, еліміздің Ұлыбританиядағы мәдени күндері аясында өтті. Негізгі мақсаты – ұлттық өнердің көкжиегін кеңейту. Димаштың концерттік бағдарламасына – қазақтың халық әндері мен әлемге әйгілі шет тіліндегі шығармалар тоғыстырылған. Лондондағы музыкалық шоуға дүние жүзінің әр түкпірінен арнайы келген фанаттардың санында шек жоқ!
Қанат Айтбаев, Д. Құдайбергеннің әкесі:
-Бүгін сыртқа шығып қарағанымызда, қолдарына жалау ұстаған түрлі елдің адамдары бар екен. Маған бірнеше фан-топтардың жетекшілері, концертке 46 мемлекеттен көрермендердің келгендерін айтты. Яғни, мұның барлығы қазақ еліне, қазақ өнеріне деген үлкен құрмет.