«Аянат» атты қыздар ұжымын құрған Алуа Қонарова, қанатының астына алған арулардың алғашқы клипінің түсіріліміне кірісті. Гелзбенд отандық шоу-бизнеске жаңашылдық әкеле ала ма?!
Ақбота, Ақгүл, Аружан, Әлем және Шынар! Ауқымды кастингтен топ жарып шыққан дәл осы бес бұрымды – Қонарованың командасында жеті айға жуық тәжірибе жинаған. Қыздардың біліктілігі мен талантын ұзақ уақыт бақылаған Алуа ханым «Аянат» атты гелзбенд құруды құп көреді.
«Ayanat» тобы:
-«Аянат» деген қадірлі, құрметті деген мағынаны білдіреді. Басқа топтарда рэпер болса, біздің топта ондай жоқ. Бізде бәріміз рэп те оқимыз, әнді де айтамыз!
Еліміздің әр аймағынан жиналған арулардың жасы 17 мен 18-дің арасында. Барлығы студент! Алайда шоу-бизнестегі қызмет пен оқуды тең ұстау оларға оңайға соқпай жүрсе керек...
«Ayanat» тобы:
-Негізінде қиындықтар тудырып жатыр. Мұғалімдерімізден сөгіс естіп, ұрыс естіп, енді барымызша сұрануға тырысамыз!
Қыздардың әр қадамы «Аюмидің» экс-әншісі Ақназдың жіті қадағалауында. Өйткені, «Аянаттың» музыкалық жетекшісі – өзі.
Ақназ Сағындықова, музыкалық продюсер:
-Өздеріңіз білесіздер «Аюми» әрқашанда еңбектенетін еді. Сондықтан мен қыздарға айтамын: «Өз басын әр нәрсемен қатырудың қажеті жоқ»! Олардың ең басты жұмысы жақсылап ән айту!
Айтпақшы, «Аюми» тобының бұрынғы әндері «Аянат» қыздар ұжымының репертуарын толықтырмақ. Бұл бас продюсер Алуа Қонарованың шешімі.
Алуа Қонарова, продюсер:
-«Аюмиліктердің» отбасылық өмірді таңдағаны көпшілікке мәлім. Ал олардың әндері тыңдармандарын тапты. Сондықтан бар репертуар назардан тыс қалмас үшін «Аянат» тобы орындайды.
Дәл қазір «Аянаттық» арулардың алғашқы клипі таспалану үстінде. Дебюттық бейнебаянда белгілі бір оқиға желісі жоқ. Басты мақсат – жаңа видео арқылы гелзбендтің әр мүшесін тыңдарманға жақынырақ таныстыру!