Шекпенмен келіп, шапанмен кеткен Аршавин.

Сообщить о проблеме с эфиром

Алматылық футбол жанкүйерлері болса, әйгілі ресейлік аяқдопшыны шығарып салды. «Қайрат» клубының сапында үш маусым жасындай жарқылдаған Аршавин, мансабын Қазақстанда аяқтады. Кеше өз елінде алаңға шығуы арман болған Андрейдің, қайта түлеуі жайлы тілшіміз толық баяндайды.

Ресей футболының ең жарқын өкілдерінің бірі – сөзсіз Аршавин. «Зенит» футбол мектебінің түлегі 2008 жылы Ресей құрамасы сапында Еуропа чемпионатында атой салып, қола жүлде еншіледі. Кейін лондондық «Арсенал» сапында 105 ойын өткізіп, 23 гол соқты және әйгілі «Энфилд» стадионында Ливерпуль қақпасына покер тіркеген де - осы Шава.

«Кубань» командасының қосалқы құрамынан шыға алмай жүрген сәтінде ол «Қайраттан» шақырту алады. Атақты ойыншыны алматылық клубқа әкелудің астарында – үлкен маркетингтік қадам жатқан еді.

Қайрат Боранбаев, ”Қайрат” ФК бақылау кеңесінің төрағасы:

-Андреймен Алматыға келіп «Қайрат» базасын аралап көріп, ұсынысқа келісті. Ол қызу жаттығуға кірісіп, негізгі құрамда доп тебе алатынын көрсетті. Үш жыл бұрын «Қайратты» ешкім білмейтін. Аршавин өзін дәлелдеді!

Иә, Аршавин 2016 жылы «Қайратқа» келгенін еуропалық және күллі ТМД журналистері бұл тақырыпты таласа жазған еді. Талантты ресейлік футболшы алматылық жанкүйерлерін жерге қаратпай, ел чемионатының үш маусымында 84 матч өткізіп, 24 гол соқты.

Андрей Аршавин, футболшы:

-Мен тек қана Алматы емес, Қазақстанның әр өңірінде өзіме деген ықылас пен қолдауды сезіндім. Адамдар мені көру үшін стадионға жиналып, кішкентай балалар қолымды алғысы келетін. Мен бұл елде жүрегімнің бір бөлшегін қалдырып барамын.

Бұл «Қайрат» пен «Шахтер» арасында өткен матчтан соң Аршавиннің айтқан сөздері. Соңғы ресми ойынына шыққан футболшыға Орталық стадиондағы халық тік тұрып қол соғып, иығына шапан жауып шығарып салды.

Андрей Аршавин, футболшы:

– «Қайрат» чемпион атануы үшін бәлкім тағы да күш қосуым керек пе еді. Олар менсіз-ақ екінші орынды жаулай алатын команда ғой. Көңілім толмайтын жалғыз нәрсе осы.

Аршавиннің Қазақстанда жеткен жетістіктері аз емес. Ол ел чемпионатының үш дүркін күміс жүлдесін еншілеп, 2017 жылы Қазақстанның кубогы мен суперкубогын ұтты. 37 жасар аяқдопшы жасыл алаңдағы жалынды күндерін енді аңсайтынын әр сөзімен ұқтырғанай.

Андрей Аршавин, футболшы:

Футбол – менің бүкіл ғұмырым. Енді өзім 28 жыл тұрған сүйікті қалам Санкт-Петерборға қайта оралмақпын. Бірақ Алматыға қуана келіп тұратын боламын. Келешекке қатысты әзірге жоспарым осы.