Абайлап айтып, анық басу

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық жұлдыздардың да бүгінде журналистерге қояр талаптары бар. Мәселен, Жеңісхан Момышев кезінде БАҚ өкілдерінің алдында аңдамай сөйлегенімнің кесірінен талай рет сан соқтым дейді. Ақырында өнерлі жігіт осы үшін әншіліктен кино саласына кетуге мәжбүр болған көрінеді.

Жеңісхан Момышев – әдетте түрлі тақырыпта көсіле сұхбат беретін жұлдыздардың қатарында. Алайда, өнерпаз жігіт кезінде осы қасиеті үшін сан рет «аңдамай сөйлеп, ауырмай өлгеннің» кебін киген көрінеді.

Жеңісхан Момышев, режиссер:

-Жеңісхан болып жүрген кезімде, қара пиар болмаған кезде өте қатты-қатты соққыға ұратын кездер болды. Сол кино саласына кеткен себебім де сол болды, көп нәрселер шыққаннан кейін.

Айтылған әр сөзі үшін ел талқысында түсуден шаршаған Жеңісхан, көзге артық көрінбес үшін кадр ішінде емес, сыртында жүруге бел буған. Момышевпен салыстырсақ, әнші Мәдина халық назарынан тыс қалуға дайын емес. Сондықтан, Сәдуақасова журналистермен тіл табысудың әдіс-айласын игерген.

Мәдина Сәдуақасова, әнші:

-Мен звандаймын телевиденияға кезінде, ойбай мен артық айтып қойған сияқтымын, не үшін олай айтқанымды да білмеймін, алып тастаңдар деп айтқам кезінде. Дәл қазір 1-2 жылдай болды, мен ондай нәрсе жасамаймын. Айттым ба, айттым тура солай қала берсін. Мысалы көптеген сұхбаттар болды.

Есесіне, шынайы эмоция мен ақиқат сөз жанкүйердің жүрегіне жетеді дейді ол. Алайда, бүл пікірмен Нұржан Керменбаев келіспейді. Әншінің айтуынша, көп сөйлеп сүрінгенше - үндемей қалған мың есе артық.

Нұржан Керменбаев, әнші:

-Жалпы ол тек қана өнер адамдарында ғана емес, тек қана интервьюда ғана емес, өмірде де болатын дүние ғой. Бір әңгімені айтып қоямыз да, содан кейін өкініп жүреміз.

Сондықтан, камера алдында сұхбат берген отандық өнерпаздар аса абай болғаны абзал. Себебі, жұлдыздардың айтқанын халыққа жеткізу журналистердің міндеті ғана.