Талай көрерменнің жүрегін жаулаған «Тақтар ойынының» 8-ші маусымын, жанкүйерлері асыға тосуда. Танымал телетуындының актерлық құрамы, тіпті, бір эпизодта 15 млн доллардан еңбекақы алған көрінеді.
Алғаш рет 2011 жылы жарық көрген «Тақтар ойыны» телехикаясының көрермені күн санап артпаса, азаймақ емес. Америкалық танымал жазушы әрі продюсер Джордж Мартинның «Мұз бен оттың әуені» атты романының желісі бойынша таспаланған туынды, енді ақырғы 8-маусымын ұсынбақ.
Ал әйгілі «Entertainment Weekly» басылымы келер жылы жарық көретін картинаның түсірілім алаңына барып, эксклюзивті кадрларды ұсынды. Жоба авторларының айтуынша, жаңа маусым ел күтпеген шытырман оқиғаларға толы болмақ.
Ойдан шыққан орта ғасырлық елдердің таққа таласын баяндайтын фэнтезиде құбыжықтар көбейе түскен. Сондай-ақ, ақтық шайқаста кейіпкерлердің барлығы күш біріктіреді деген болжам бар. Киногерлер бұл соғысты таспалау үшін 55 күн тер төккен екен.
Тағы бір жаңалық – Джон Сноу жаңа бөлімдерде айдаһардың анасы атанған Дейенериске бас иіп, адалдыққа ант етпек. Ал, Джонның қарындасы Санса Старк бауырының бұл қылығын құп көрмей, Винтерфел мұрагерлерінің қарым-қатынасы қиындай түседі.
Туынды авторлары болса, жаңа маусым жарық көрмейінше оқиғаның өрбуін құпияда ұстауға тырысуда. Тіпті сол үшін түсірлім алаңына бас сұққан журналистер мен актерларға, құжат жүзінде сырды сақтаудың қатаң талаптары қойылған. Алайда, басты кейіпкерлердің бірі - Мэйси Уильямс бұл ескертуді елемегені үшін, айыппұл төлеген көрінеді.