Шетелдік киножұлдыздар да, Hollywood Film Awards марапаты аясында өткенін еске алып, атқарған жұмысына қорытынды жасады. Хью Джекман, Николь Кидман, Энн Хэтуэй. Қысқасы, бұл кеште құр алақан қайтқан танымалдар кемде-кем.
Үздік киногерлердің басын қосқан Hollywood Film Awards салтанаты, осымен 22-ші рет өз шымылдығын түрді. Биыл айтулы шараның қызыл кілемінен «Аса ауқатты азиаттықтар» лентасынан бастап, «Үлкен кіші өтірік» телехикаясының жұлдыздарына дейін табылды. Олардың арасында асыл жары Кит Урбанмен қол ұстаса келген Николь Кидман да бар.
Ең жақынын ерте келген Николь Кидман мәртебелі мерекеден бос қайтпады. Актрисаға киномансабындағы «мінсіз жетістігі үшін» арнайы жүлде тағайындалған көрінеді.
Николь Кидман, актриса:
-Бұл жылы екі түрлі ананың образын сомдадым. Екеуі бір-біріне физикалық және эмоционалды тұрғыда кереғар кейіпкерлер. Актриса ретінде олардың оқиғасын көрерменге жеткізе білгенім үшін қуаныштымын.
Ең қызығы, көп картиналар арасынан «Аса ауқатты азиялықтар» топ жарды. Аталмыш фильмнің актерлық ұжымы «Голливуд жаңалығы» деп танылды. Одан өзге, «Суперотбасы 2» анимациялар арасынан үздік атанды.
Ал Хью Джекман «Қалай президент болмауға болады» картинасымен «үздік актер» атанса, Тимати Шаламеге «екінші пландағы үздік актер» марапаты бұйырды. Еске салсақ, жас өнерпаз «Әдемі бозбала» лентасы арқылы көзге түскен болатын.
Тимати Шаламе, актер:
-Ең әуелі режиссерге алғыс айтқым келеді. Қанша жылдан бері еңбектеніп келе жатқан туындысының, бір бөлшегіне айналу – үлкен мәртебе. Барлықтарыңызға көп рахмет!
Осылайша, Hollywood Film Awards арнаулы марапатын табыстауда еш сараңдық танытпады. Ал, жүлделерді еншілеген жұлдыздар болса, келесі жылы бұдан да жемісті еңбек етеміз деп тарқасты.