Бүгінде отандық әншілердің шет елдік туындыларға жиендік жасауы белең алып тұр. Авторлық құқықты құлағына ілмейтін өнерпаздардың бірі – Серік Ибрагимов. Көңіліне жаққан әуенді рұқсатсыз репертуарына қосуда еш қымсынбайтын әнші, бұл жолы көпшілік алдында кінәсін мойындады.
«Қыз бала гүл» - Серіктің репертуарын толықтырған туынды. Бала кезден өзбек тіліндегі нұсқасын естіп өскен ол, әнге қазақша мәтін жазып, орындауды жөн көреді. Ал, бұл әуен ташкенттік тыңдармандарға жақсы таныс.
Серік Ибрагимов, әнші: -Сөйтсек өзбектің де әні емес екен. Арабтың әні екен. Арабшаны халық арасында өзбекше қылып айтқан екен. Оны маған Әлішер Кәрімов айтты. Бұл өзбекше ән емес деді. Қазір барлығы өзбекше ән деп қырылып жүр ғой.
Серік бұл әннің авторын танымайды және ырғақты туындыны рұқсатсыз орындағанын да мойындайды. Бірақ ұрлық жасадым деуге аузы бармай отыр.
Серік Ибрагимов, әнші: -Оны мен жасырмаймын. Енді ұрладым деп айта алмаймын. Біреуден ұрлап, тығып жүрсем екен. Композиторлары шығып, атасы немесе көкесі шығып жатса, міндетті түрде сөйлесіп, кәдімгідей қаламақыларын беріп, кез-келген жағынан шешеміз.
Ибрагимов шет елдік композиторды ұзақ уақыт күтуге құлықты емес. Ол бүгін рұқсатсыз шырқаған әніне бейнеклип түсіру үстінде. Серік, шығыс стиліндегі клипте сал-серілердің бірін сомдайды. Алайда, көңілді кейіпкердің ел арасындағы түрлі әрекеті, ханға жақпай қалса керек...
Серік Ибрагимов, әнші: Сіздердің қыздарыңыз туралы айтып жүрген осы. Бірақ қыздары туралы жақсы сөз айтамын да мен. Және де сол ханның қызын ғашық болып жатқан жігітке сол жерде, екеуінің қашуына көмектесіп жіберемін.
Сондай-ақ, шығармашылыққа белсене кіріскен Серік, таяуда алғашқы ән кешін өткізеді. Астанадағы шоуға экс-продюсері Алтынбек Рахметов режиссерлық етпек екен.