Фредди Меркьюридің байопигі ұсынылды

Сообщить о проблеме с эфиром

Лондонда рок-жұлдыз Фредди Меркьюриге арналған биографиялық картинаның тұсауы кесілді. Киногерлер «Queen» тобының әйгілі әншінісінің ғұмырын барынша боямасыз суреттеуге тырыстық дейді. Тіпті, лентада өнерпаздың өміріне қатысты кейбір шындық ашылған көрінеді.

«Queen» ұжымының ән әлемінде салтанат құрған кезі мен дәуірінің дарынды әншісі Фреддидің шығармашылық жолы кинокартинаға негіз болыпты. Миллиондар табынған Меркьюридің ғұмыры аққан жұлдыздай тым қысқа еді. Әйгілі топтың тың туындылары бүгінде өлмес классикалардың қатарында.

Биографиялық лентадағы рок-жұлдыздың образын сомдау Рами Малекке тапсырылған болатын. Киногерлер ұжымына әйгілі әншінің концерт кезіндегі ерекше энергетикасын көрерменге жеткізу қиынға соққан көрінеді.

Рами Малек, актер:

-Фреддидің образын сомдау барысында түсінгенім, оның әрбір қимылының өзі ерекше. Әр кезде әрқалай, көңіл-күймен жүреді. Сондықтан, актер ретінде оңай болмады.

Бастапқыда Фредди Меркьюридің рөлін Саша Барон Коэн ойнауы тиіс еді. Алайда, актер 2013 жылы авторларымен келісе алмай жобадан кетіп, оның орнына келген Бен Уишоу да ұзақ тұрақтамады. Байопиктің тұсаукесеріне келген «Queen» тобының мүшелері болса, Рами Малектың ойынына дән риза.

Брайан Мэй, «Queen» тобының мүшесі:

-Рамидің фильмдегі актерлық ойыны өте керемет! Нағыз шеберлік! Меніңше осы лентадан кейін халық оны дарынды өнерпаз ретінде қабылдарына сенімдімін.

Рождер Тейлор, «Queen» тобының мүшесі:

-Өзімізді кинодан көрген өте қызық екен. Шынымды айтсам, өте бақыттымыз. Кинокартина өте жақсы шыққан деп ойлаймын. Көрерменге қуаныш сыйлай алады деген үміттемін.

"Богемалық рапсодия" картинасын отандық көрермен де тамашлай алмақ! Биографиялық туынды қарашаның 1-нен бастап үлкен экрандарға жол тартады деп күтілуде!