Қит етсе әр қадамы хит болатын Төреғали сәтті дуэттерінің бірімен қош айтысуы мүмкін. Атышулы әншінің Фарида Жолдасовамен қосыла шырқаған туындысы соңғы кездері орындалмай жүр. Ән авторы Ұлықпан мырза, «Ұлы дала баласын» өзге өнерпазға алмастырыпты.
Төреғали мен Фариданың қосыла шырқаған бұл әні ғаламторда хит, тыңдармандар арасында танымал туынды. Бірақ сәтті шыққан дуэттің ғұмыры ұзаққа созылматын секілді.
Ұлықпан Жолдасов, әнші, продюсер:
-Төреғали ол... біз онымен жүре алмаймыз, ол бізбен жүре алмайды. Біз ар жақта, ол мына жақта. Сосын концерттеріміз бар. Ән ол сұраныста. Төреғалиде мысалы «Аллоны» неше түрлі адамдармен де айтып жатыр ғой.
Иә, Төреғали мен Ерке «Аллоның» алғашқы орындаушылары. Қос жұлдыздың біріккен жобасы жүректерге жол тапқанымен, соңы екі тараптың текетіресіне ұласты. Төрештің әкесі бір сұхбатында Есмаханды халыққа таныттым деп жар салса, бұл сөз әнші бикештің экс-продюсері Баянға жақпай қалған-ды!
Баян Алагөзова, продюсер:
-Мен оның бұл қадамын түсіне алар емеспін. Не үшін олай айтқанын да ұқпадым. «Алло» әнінің жетістігі екі ұжымның біріккен жұмысының жемісі. Және миллиондаған жүректерді жаулаған клипті біздің команда түсірсе, идеяның авторы өзім.
Дәл осы даудан кейін Төреш пен Еркенің шығармашылық байланысы тоқтады. Бірақ «Алло» әнінің авторлық құқығы «ТТТ» командасына тиесілі. Атышулы әнші аталмыш хитті, енді Өзбекстанның жұлдызы Шахзодамен шырқап жүр.
«Ұлы дала баласына» қатысты кикілжіңдер көп-ақ. Жыл басында хитменнің, өнердегі көкесі Қоразбаевтың қытығына тигені ел есінде. Композитордың мерейтойлық кешінде ол Мөлдір Әуелбековамен «Сен болмасаң» әнін орындауы тиіс еді. Бірақ концерттің күні жақындағанда қатысудан бас тартқан.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
-Енді білмеймін арада не болғанын. Көке маған хабарласты да Қазақконцертке кел деді. Сол кезде Төреғалимен «Сен болмасаң» әнін айтпайтын болдыңдар деді.