Белгілі боксшы Данияр Елеусінов болса, кезекті қарсыласын нокаутпен ұтқан еді. Кәсіпқой рингке енді ғана аяқ басқан спортшы, бұл жеңісінен соң өз жанкүйерін жекпе-жекке шақырды. Рио олимпиадасының чемпионы кімге бокс сабағын үйретпек?
Кәсіпқой бокстағы кезекті кездесуінде Данияр Елеусінов қарсыласы Мэтт Догертиді техникалық нокаутпен жеңді. Алты раундқа жоспарланған жекпе-жектің алғашқы минутында-ақ «Қазақ Найзағайы» америкалық боксшыға еш мүмкіндік бермеген еді. Осылайша Данияр барлығы 4 айқас өткізіп, 2 нокаутын тіркеп отыр.
Бостонда рингке шықпас бұрын Данияр өз инстаграм парақшасына салмақ өлшеу рәсімі мен көз арбасу сәтінің фотоларын жүктеген еді. Спортшыға оқырмандарының бірі «әлсіз қарсыластармен жұдырықтаса бересің деп» мін тақты. Бұған Елусінов «келесіде сенімен жекпе-жекке шығамын» деп әзіл-шыны аралас жауап қатқан.
Кәсіпқой боксқа енді аяқ басса да жарнамасы жер жарып тұрған Даниярдың, жанкүйерлері қауқарлы қарсыластармен айқасқанын қалайды. Екінші кездесуінде-ақ чемпиондыққа таласқан Василий Ломоченко секілді жаңа қазақ жұлдызын біздің де көргіміз келетіні анық. Рио Олимпиадасының алтынын алған Елуесіновтің де белбеу үшін жекпе-жекке шығатын күні алыс емес деп сенеміз.
Головкин, Жақиянов, Шүкменовтер біраз биікті бағындырғалы бері, олардың ізін басқан боксшыларымыздың саны соңғы жылдары күрт өсті. Қаумалаған қазақ былғары қолғап шеберлері бүгінде кәсіпқой рингте жап-жақсы атой салып жүр. Жанкүйер жұрт та солардың ішінен жаңа чемпионын іздейді.