Қазақ театрының қоржыны халықарылық додада қос жүлдемен толықты. Азамат Сатыбалды басқаратын ұжым, Мәскеуде өткен сайыста топ жарған. Өнер ошақтары арасында үздік деп танылған команда елге оралды. Гран-при иегерлерін тілшіміз әуежайдан күтіп алған еді.
Азамат бастаған шығармашылық ұжым, Мәскеуге аттанарда дәл осындай жетістікке жетеміз деп ойламаған. «Подмосковные вечера-2018» атты халықаралық додадан олжалы оралған команда, неміс драматургы Георг Бюхнердің «Войцек» пьесасын сахналапты. Бірнеше мемлекеттің өнерпаздары бақ сынаған сайыста қазақстандық театр бас жүлдені еншіледі.
Азамат Сатыбалды, актер, продюсер:
- «Бие сұрасаң, түйе береді» демекші, ең болмаса бір жүлде алсақ та болды әйтеуір деп барғанмыз былай қарасаң. Оның үстіне ең басты жүлде гран-приді алдық. Бұл енді 150 спектакль қатысқан фестиваль.
Бұл фестивальде өнер көрсеткен театрлар тоғыз номинация бойынша өз біліктіліктерін сынға салған. Гран-приді иемденген отандық ұжымның қоржыны «актерлық ансамбль» марапатымен де толығыпты.
Асан Мәжит, актер:
-«Войцектің» яғни қойылымның бір ерекшелігі мында ансамбль болмаса, «Войцекте» ойнай алмайды, басқа киіпкерлерде ойнай алмайды. Сондықтан да мен ойлаймын енді біздің «Үздік актерлық ансамбль» алуымыздың себебі де содан шығар.
«Войцек» шығармасы – бүгінгі адамдардың ішкі пиғылын айна-қатесіз көрсетуді көздейді. Азаматтың айтуынша, бұл спектальді әуелден театр фестивальдеріне арнап дайындаған екен. Ал, қазақша қойылымға қазылық еткен кәсіби мамандар, біздің актерлардың шеберлігін тілсіз-ақ ұққан.
Азамат Сатыбалды, актер, продюсер:
-Қазылар алқасының барлығы айтты. «Нам текст не мешал. Мы все понимали» деді. Сондықтан олар жоғары деңгейде, әрқайсысы ВГИК, ГИТИС-те мұғалімдер, доценттер сыншылар.
Мәскеуде қанжығасына қос жүлде байлаған «Войцек» қойылымы, осы жылдың сәуірінде Түркияда өткен театрлар додасында «Үздік спектакль» номинациясын да жеңген еді.