Осы айтулы марапаттан тиесілі жүлделерін ала сала, корейлік BTS ұжымы Ұлыбританияға асықты. Танымал бойзбенд турне аясында алғаш рет лондондық #АРМИ алдында өнер көрсеткен еді. Үлкен аншлагпен өткен кешке, жанкүйерлерінің біразы кіре алмай қалған.
«Love Yourself» атты альбомдар жинағын жарнамалау мақсатында әлемдік турнеге кіріскен BTS ұжымы Лондонда алғаш рет өнер көрсетті. Лық тола зал, Ұлыбританияда да «армидің» қарасы мол екенін айғақтағандай. Алайда, корейлік бойзбенд үшін жанкүйер жинау емес, оларға үлгі бола білу басты мақсат екен.
Suga, «BTS» тобының мембері:
-Әуел баста бізде расымен ештеңе болмады. Сондықтан, көпшілік мына бізге қарап, өмірде бәріне қол жеткізуге болатынын түсінсе деймін. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Қолымыздан келгенше тыңдарманды жаңа жетістіктерге ұмтылуға шабыттандырғымыз келеді.
Әнсапар аясында тоғызыншы қалаға табан тіреген кей-поп орындаушылар, келеңсіз оқиғаға тап болған көрінеді. Жауапты кешке дайындық барысында топ мүшесі Jungkook/Чонгук/ аяғын ауыртып, биден шеттетілген еді. Алайда, бұл жағдай концерттің ойдағыдай өтуіне еш кедергісін келтірмепті.
RM, BTS тобының мембері:
-Біз үшін жұмыс пен сүйікті істің арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұру маңызды. Егер жұмысқа тым берілсең, күш-қуатың таусылады. Ал, хоббидің жетегінде кетсең, айналаңа пайдаң аспай қалады. Сондықтан, турнеде көбірек ұйықтап, спортпен шұғылдануға уақыт тауып, тепе-теңдік ұстауға тырысамыз.
Екі күнге созылған ерекше шоуда ине шаншар жер болмады. 20 мың адам сиятын аренадан орын таппай, кешке кіре алмағандар да жетерлік. Алайда, еуропалық арми көңіл-күйін түсірмек емес.
-Концертке кіре алмасам да, жігіттердің әнін алыстан тыңдадым. Менің үлкен арманым BTS тың отаны - Кореяға бару.
- BTS жанкүйерлеріне жағымды эмоция сыйлай алады. Біз жігіттерді жақсы көреміз!
Ал, әлем бойынша талай тыңдарманның жүрегін жаулаған айдолдар енді Амстердам қаласына ат басын бұрмақ.