Жылдың көптен күткен салтанаты - American Music Awards өз мәресіне жетті. Марапаттың пайымы бойынша Тейлор Свифт «жыл әншісі» атанса, Камила Кабельо «Havana» әнімен бірнеше жүлдені қатар қолтықтап қайтқан көрінеді.
Музыкалы марапаттан Дрейк пен Карди Бидің дәмесі зор еді. Қос орындаушы American Music Awards-тың сегіз бірдей аталымында бақ сынған болатын. Алайда, канадалық рэпер жеңімпаздар арасынан табылмаса, Карди Би тек «үздік хип-хоп орындаушы» жүлдесіне қол жеткізді.
Карди Би, әнші:
-Бұл жетістігім қызымның арқасы. Өйткені, оған жүкті кезімде қалайда табысқа жетіп, халыққа дәлелдеуім тиіс деген ой келді. Мен бала дүниеге келген соң әрбір әйел шығармашылығын ысырып қояды деген түсінікті жойғым келді.
Есесіне, Тейлор Свифт төрт жүлденің иегері. Музыка марапатының пайымымен, өнерпаз ару – «жыл әншісі» аталымына лайық деп танылған.
Тейлор Свифт, әнші:
-Альбомдарыма қарасам, олардың әрқайсысы өмірімнің әр кезеңін суреттейтіндей. Шығармашылығым менің өмірім. Өте бақыттымын! Бәріне рахмет!
Ал, хитке айналған Havana трегі – «үздік поп әуен» атанды. Одан өзге Камила Кабейо сәтті шыққан туындысының арқасында «жыл дебютанты», «жылдың үздік бейнебаяны» жүлделерін қолтықтап қайтты.
Кеш қонақтарына «кімнің жеңімпаз атанатыны» қалай қызық болса, дәл солай Мэрая Керидің өнер көрсетуін тағатсыздана тосқан еді. Он жылдан кейін American Music Awards-тың сахнасына оралған әнші, ерекше дауысымен көпті тәнті етті.
Мэраядан өзге Дженнифер Лопес, Дуа Липа мен Пост Малоун де әсем орындауымен музыкалық кештің көркін қыздырды.
Айтпақшы, корейлік BTS ұжымы да аталмыш салтанаттан құр алақан қайтпады. Әйгілі бойзбенд «ең үздік әлеуметтік өнерпаз» аталымын еншіледі.