Төреғали соңғы кездері талантымен емес, тенектігімен көзге жиі түсіп жүр. Өзі жайлы жағымсыз жаңалықтардан шаршаса керек, тіпті тілшілерді жауындай көреді. Бұл жолы хитмен сұхбаты барысында журналистерді жекпе-жекке шақырған.
Жайшылықта БАҚ өкілдерін көзі шалса Төреғали «ат-тоны ала қашады». Ал, жаңалығы болса жедел хабарлама жолдап, журналистерді жанына жинайды. Алматыдағы 5 күндік концерті мен үйлену тойының қарсаңында арнайы баспасөз-мәжілісін өткізген еді. Тілшілердің бірінің жолдаған сауалы, үш жыл жұбайын жасырған жігіттің қытығына тисе керек, хитмен аздап ашуға берілді.
Төреғали Төреәлі, әнші:
- Мен міндеттімін айтуға өзімнің әулетіме, туысқандарыма. Мен сіздерге айтуға міндетті емеспін ғой. Солай ма? Жабылыңыздар, келіңіздер! По-разам келіңіздер, мен бәріне жауап беремін.
Әр қадамы халық пен БАҚ-тың бақылауындағы әнші жігіттің жүйкесі сыр бере бастағандай. «Жеке өмірімдегі жағымсыз жаңалықтар, ел алдындағы сыйым мен сүйкімімді кетірді» - деп, журналистер қауымын айыптағаны тағы бар.
Төреғали Төреәлі, әнші:
-Мен өзім 100 пайыз халық болса, соның 69 пайызына жексұрынмын қазір. «Үйткенде-бүйткен, отқа басты үйткен» қылып жібергенсіңдер ғой кезінде.
Кеудесін ашу-ыза кернесе де Төреш камерадан қымсынбайды. Ал, кейбір әншілердің керісінше сұхбат кезінде сөзінен жаңылып, тығырыққа тірелген сәттеріне жиі куәміз. Мәселен, Мәдина Сәдуақсаова сынға іліккен соңғы фотосессиясы жайлы түсіндіруге тырысып баққанымен, жөнді шықпады.
Мәдина Сәдуақасова, әнші:
- Әйел затының ішінде жатқан бір... ммм... Қалай айтсам екен... Орысшасы келіп, бірақ қазақша сөз келмей тұр.
Ал, әншілік мансабына қатысты сауалдарға еш кідірмей жауап беретін Бүркіт мырза, режиссерлық жұмысына қатысты сұрақтарға жатырқай қарайды. Әңгіме әмбебап әртістің жаңа фильмінің желісі жайында.
Бүркіт, әнші, режиссер:
-Ылғи да проблема. Жігіт табу немесе... туууй, что-то не то у меня.
Сәтті сұхбат – үлкен дайындықты талап етеді. Бұл жолы камера алдында толқыған танымалдар, келесі де кез-келген сауалға сүрінбейді деген сенімдеміз!