Ал, тұрмыс құру тақырыбын баяғыда-ақ артта қалдырған Энн Хэ́тэуэй, Париж сән апталығында төбе көрсетті. Әйгілі актриса жұбайы Адам Шульманмен «Givenchy» үлгілерін тамашалауға келген. Танымал брендтің шоуына бас сұққандардың қатары тек жұлдызды жұппен шектелмеді.
Меган Марклдың той көйлегін Givenchy брендінен таңдауы, әйгілі маркаға деген көптің қызығушылығын арттыра түскендей. Сондықтан болар, фэшн көрсетілімде жұлдызды қонақтар көп болды. Қадірлі меймандар көшін Энн Хэтуэй, Аманда Сейфрид, Карен Элсон бастады.
Дизайнер Клэр Уэйт Келлер топтаманы артық дүниені қолданбай-ақ, ашық-жарқын түстерсіз әсем етуге тырысқан. Сондай-ақ, Givenchy-дің су жаңа туындыларынан күміс түсті көптеп байқауға болады.
Ал, Стелла Маккартнидің бұл жолғы таңдауы спортшик пен гламур. Сәнбикелердің қолындағы сөмкелер – топтаманың басты акцентіне айналғандай.
Стелла Маккартни, дизайнер:
-Меніңше, біздің әйелдер мен ерлер – сенімді, өздеріне не керек екенін жақсы біледі. Сондықтан, топтама ұсынған кезде осы жағдайларды ескерген жөн. Адамдардың қалауы өте маңызды.
Бұл күні шетелдік дизайнерлермен тең дәрежеде ресейлік шебер Валентин Юдашкин да өз туындыларын ел назарына ұсынған еді. Сәнгердің қолынан шыққан дүниелерге қарап, өнерпаз шалқар шабытты жапондық кимонодан алды ма дерсіз.