Қашан тұрмысқа шығасың?! Бұл сауал Айым Сейтметованың жанұясындағы бұрымдыларға жиі жолданады екен. Бірнеше ай бұрын жас актрисаның анасы, қызының қалыңдық атануына қарсылық танытқан-ды! Сонда Данагүл ханым, аз уақыт ішінде пікірін өзгертіп үлгерген бе?!
Данагүл Темірсұлтанова, актриса:
-Жоқ, әлі ерте! Әлі оның жасы 20-да, қайдағы?! Рұқсат бермеймін әлі. Әуелі оқуын бітірсін. Әлі үшінші курста. Оқуын да бітірген жоқ!
Ашуға булыққан ана, тосыннан қойылған сауалға дәл осылай жауап берген еді. Темірсұлтанованың темірдей қатты тәртібіне төтеп беру қиын екендігін, қызы Айым да ешқашан естен шығарған емес.
Айым Сейітметова, актриса:
-Ойдағыдай тұрмысқа шығатын жасым 23-24. Осы аралықта тұрмыс құрғым келеді. Балалы болғым келеді жиырма беске дейін.
Жас актрисаның болашаққа деген жоспары орынды. Өйткені, өнерлі жанұяда жиырма жасқа дейін теңін таппаса тағы бір мәселе туындайды екен.
Айым Сейітметова, актриса:
-Менің әпкем бар. Ол 24-ке толды биыл. Сол сұрақ менің әпкеме қойылады. Оған менің әке-шешем: «Сен қашан тұрмысқа шығасың? Сен қашан жігіт табасың? Давай, все кет!» - деген сұрақтар көп қойылып жатады.
Әпкесіне қарағанда кіші Сейтметова пысықтау! 21 жастағы Айымның Вахид есімді актермен көңіл жарастырып жүргеніне төрт жылға жуықтап қалыпты. Бірақ аруға романтикалық хаттар жазып, тосыннан гүл шоқтарын ұсынып, кездесе қалса сезімін білдіретін серілердің санында шек жоқ екен.
Айым Сейітметова, актриса:
-Маған жазып жатса, гүл жіберіп жатса рахметімді айтамын. Бірақ енді не айтамын. Менің енді жігітім бар деген сияқты айтамын. Әрине олар кішкене күйзеліп қалады. Енді мен не істеймін..?
Сонымен, Сейтметова таяуда той болмайтынын ашып айтты. Актрисаның дәл қазіргі мақсаты – шығармашылығын шыңдау!