Мейрамбек Беспаев, Ерке Есмахан секілді жұлдыздар әр матчты қанша жарнамаласа да, жарытып ойнай алмай жүрген ұлттық құрамаға жанкүйерлердің өкпесі қара қазандай. Қазақ футболшылары кеше ғана, Андорра алаңында уысындағы жеңісін ұстай алмай ұятқа қалды.
Баяғы жартас – сол жартас! Қазақстан құрамасы қонақта Андоррамен 1:1 есебімен тең ойнап, жанкүйерлерінің алдында ұятқа қалды. Ұлттар лигасында екі матчта бір ұпайға әрең қол жеткізген футболшыларымыздың, топтан шығу мүмкіндігі сарқыла түскендей. Бұған дейін Астана төрінде Грузияға 0:2 нәтижесімен есе жіберген ел аяқдопшылары, қазір D дивизионында Грузия, Андорра және Латвия кейін соңғы болып тұр.
Андорра-ла-Велья қаласында өткен ойында Қазақстан шабуылда басымдау көрінген. 68-ші минутта Исламханның пасын сәтті пайдаланған Логвиненко, баспен тамаша гол соқты. Дегенмен, Шомконы өрескел қателігі үшін жазалаған алаң қожайындары, 86-шы минутта қарымта допта мүлт кеткен жоқ. Еске салсақ, тәртіп бұзғаны үшін құрама шабуылшысы Мұжықов 76-минутта қызыл қағаз иеленіп, алаңнан қуылған еді.
Салыстырмалы түрде Андорра ойыншыларының жалпы трансферлік құны – 225 мың еуроны құраса, ең қымбат қазақстандық қорғаушы Дмитрий Шомконың жалғыз өзі 2,5 млн еуро тұрады. Осылайша командасының тең жартысы әуесқой аяқдопшылардан жасақталған андорралықтар, кәсіпқой доп тебетін қазақ жігіттеріне үлкен сабақ үйретті. Елге белгілі өнер жұлдыздары жанталаса жарнама жасаса да, ұлттық құраманың сырқатын жаза алмайтын секілді.