Головкин мен Альварес екінші жекпе-жектен қанша миллион доллар қаржы таппақ?

Сообщить о проблеме с эфиром

Головкин мен Альварестің қарымта айқасын, жер жаһандағы әр спорт жанкүйері тағатсыздана тосып жүр. Жаңа мыңжылдықтың ең айтулы жекпе-жегінде Генаның жеңгенін қалаймыз. Әзірге жұрт қос боксшының қанша пайдаға кенелетінін есептеп әлек болуда.

XXI-ші ғасырдың басты жекпе-жегі саналған Головкин мен Альварестің кездесуі, 16-қыркүйекте күллі қазақстандықтарды таңғы ұйқысынан оятпақ. Бұл қарымта айқас бұрынғысынан өзгерек. T-Mobile аренада тағы да төрешілердің өрескел қателікке жол беруі мен тең есептің тіркелуін спорт жанкүйерлері де кешірмейді. Боксшылар да жеңімпаз тек біреу деп отыр.

GGG мен Канелода бұрынғы сыйластықтың ізі де жоқ. Екеуі бір-бірін ата жауындай көреді. Бұған мексикалықтың допинг-дауы, отандасымыздан IBF белбеуінің тартып алынуы, тең есепке қатысты текетірес, екінші жекпе-жек алдындағы қызу пікір алмасу секілді себептер көп. Жанкүйерлердің де қаны қызып, айқас болатын күнді асыға тосуда. Қос боксшының қарымта айқас үшін алатын ақшалай қаламақысы да қомақты.

Бұл жолы Головкинге 20 млн долларға кепілдік берілсе, Альвареске 30 млн доллар уәде етілген. Бұл билеттер сатылымы мен ақылы телетрансляциядан түсетін пайданы есепке алмағандағы сомма. Былтырғы жекпе-жектегі Генаның табысы 24 млн долларды құраса, Сауль одан 10 млн-ға артық кіріс көрген еді. 20 мың көрерменге арналған T-Mobile аренада тағы да ине шаншар жер болмасы белгілі. Әлемге танымал спорт өкілдері, өнер жұлдыздары кім жеңеді деген сұраққа келгенде екіге жарылды. 18 млн Қазақстан халқы болса көк шапанды қаһарманына шын жанкүйер!