Неміс жанкүйерлерінің көз жасы... Бұған дейін әлем чемпионы деген дардай атағы бар Германия құрамасы, жаһандық доп додасының топтық кезеңінен аса алмады. Олар сенсациялы түрде Оңтүстік Корей еліне ұтылды.
Төрт жыл бұрынғы Бразилияда өткен мундиальда чемпион атанған немістер, Ресейде тым қауқарсыз күй кешті. Германия үшінші айналымда Оңтүстік Кореялықтарға 0:2 есебімен жеңіліп, «F» тобынан шықпай қалды. Мюллер, Месут Өзіл, Тони Кросс сынды жұлдызды ойыншылары бар құраманың, Ким Ён Гвон мен Сон Хын Миннің қосалқы минуттарда соққан қос добына еш жауабы жоқ.
Бұл топтан 1/8 финалға Мексика мен Швеция жолдама алған. Екеуінің өзара кездесуінде Солтүстік Америкалық аяқдопшылар, еуропалық командаға 0:3 нәтижесімен ойсырай ұтылған еді.
Қоржынында үш ұпайы бар Сербия құрамасы, күні кеше Бразилия алдында 0:2 есебімен тізе бүкті. Алғашқы голды Паулиньо соқса, екінші допты сербтердің қақпасында тулатқан Силва болды. Плей-офф кезеңіне өту мүмкіндігінен екінші айналымда-ақ құралақан қалған Коста-Рика, азулы Швейцариямен терезі тең ойын көрсетті. Матч нәтижесі 2:2! Осылайша, 1/8 финалға «Е» тобынан Бразилия мен Швейцария өтті.
Енді «G» тобында 6 ұпайдан еншілеп, келесі кезеңге өтіп тұрған Англия мен Бельгия кім мықты екенін өзара сынға салмақ. Тунис пен Панама құрамалары ақырғы үш ұпай кімге бұйыратынын анықтайды. «Н» тобындағы Жапония, Колумбия мен Сенегел командаларының 1/8-финалға өту мүмкіндігі бар. Екі жеңілісі бар Польша, енді Күншығыс еліне қарсы соңғы матч өткізсе, Африкалық ұжым Колумбиямен жасыл алаңда бәсекеге түседі. Қазір плей-офф кезеңіне 14 команда өтіп үлгерген.