Марадонаға ұқсайтын қуыршақтар, үлкен сұранысқа ие бола алмасы анық. Себебі, аңыз аяқдопшы Аргентинаға жанкүйер боламын деп, түрлі әдепсіз қылықтарға жол берген. Диегоның ортаңғы саусағын шошайтуы, бұл жаһандық футбол додасындағы есте қаларлық сәттің бірі.
Бұған дейінгі ойындарда Исландияны жеңе алмай, Хорватияға ойсырай ұтылған Аргентина үшін, Нигериямен өткен матч шешуші сәт еді. Топтан шықпай қалудың сәл-ақ алдында тұрған құрама жанкүйерлерінің жүйкесі жұқарып, футболшыларының алаңда ашуға бой алдыру да түсінікті. Әйтеуір, Аргентина 2:1 есебімен Нигерияны әрең жеңді. Бұл кездесуді трибунадан тамашалаған Марадона, өз жерлестерін қызу қолдаған еді.
Марадона Месси дәл тепкен бірінші допқа осылай қуанды. Тіпті, кездесудің ортасында көз іліп ұйықтап алуға да уақыт тапты. Ойын соңында отандасы Рохо шешуші голды соққанда, ортаңғы саусағын шошайтып тұрып, бәз біреулерге ыстық сәлемін жолдады. Марадонаның бұл ерсі қылығын сынаушылар көп. Бірі әйгілі футболшыны есірткіге еліріп алған десе, екіншісі ішімдікке мас деп жазғыруда. Ал, Диегоның өзі қан қысымы көтеріліп стадионға дәрігер шақыртуға мәжбүр болыпты.
Хиджабын шешіп, стадионға қатардағы футбол жанкүйері болып келген Иран қызының фотосы да, әлеуметтік желіні біраз шулатты. Сонымен қатар, әлем чемпионатындағы араб елдерінің өзге де сұлуларының суреті үлкен сұраныста.
Плей-офф кезеңіне бір табан жақын қалған Иран құрамасы ойыншысының, матч соңында мүмкіндігін мүл жіберуі, мына жанкүйерге ауыр тигені анық.
Германия мен Швеция арасындағы сұрапыл ойынның ақырғы минутында, Тони Кросстың тамаша орындаған айып добы, мына неміс жанкүйерінің сөнген үмітін қайта тұтатқан еді. Әлем чемпионаты әлі талай қызығымен есте қалмақ.