Бүркіттің киноөндірістегі алғашқы картинасы, кереғар пікірлерден көз ашпаса да, ол тоқтап қалуға құлықты емес. Соңғы жылдары режиссерлық қырын танытып жүрген өнер иесі, сын арқылы шыңдалатынын айтады. Ол өз қоржынын таспаланып жатқан тағы бір тың туындысымен толықтырмақ.
«Апан» – Бүркіттің кинонарықтағы дебюттық жұмысы. Триллер жанрында жарыққа шыққан картинаны, жұрт бірден қабылдай қоймады. Режиссердың сөзінше, тырнақалды туындысының кассалық табысы да көңіл қуантарлықтай болмапты. Бірақ, сырттан айтылған сыни пікірлер, өнер иесінің шабытын тұсаулай алмаған.
Бүркіт, әнші, режиссер:
-«Логово» атты бірінші фильм шыққанда, талай сынның астында қалғанмын. Дегенмен де, одан қорқып, мұңайып, енді түсірмеймін деп айтқан жоқпын. Сондықтан да мен үшін, біз өте жақсы кино түсірдік.
«Тілек тіле!» Бұл Бүріктің түсіріп жатқан кезекті фильмінің уақытша атауы. Киногер жаңа лентасы арқылы көрерменнің тілегін орындамақ ниетте.
Бүркіт, әнші, режиссер:
-Елдің барлығы комедия сұрағандықтан, экшн-комедия түсірейік деп бел будық. Бұл картинамыз жас қыз туралы. Оның өмірінде талай қиыншылықтар болып жатыр. Ол қиыншылықтармен қалай күреседі? Бұл жерде енді, ертегі сияқты экшн-комедия.
Фильмнің басты рөліне Индира Еділбаева бекітіліпті. Бүркіттің айтуынша, жас әнші мен сценарийдегі кейіпкердің мінез-құлқы сәйкес келген. Бір қызығы ол, кастингке келген талай тәжірибелі актрисалардың алдын орап кеткен екен.
Индира Еділбаева, әнші, актриса:
-Проба мен үшін әділ өтті. Себебі, мен осы пробаға келгенде, көптеген кәсіби актрисалар болды. Сол үшін мен қорықтым, қобалжыдым. Бірақ осы рөлге мені таңдады. Мен сол үшін өте қуаныштымын.
Қырыққа жуық локациядан тұратын кинотуындының түсірілім жұмыстары, осыдан бір ай бұрын басталған. Комедиядағы кейбір кадрлар Араб Әмірлігінде таспаланыпты. Сондай-ақ, бұл жобада Мейрамбек Бесбаев, Баян Алагөзова, Саят Исембаев сынды танымал жұлдыздар бой көрсеткен.