Анджелина Джоли қайырымдылық мақсаттағы игі істерін, әрі қарай жалғастыруда! Ирактың Мосул шаһарына сапар шеккен актриса, ол жердегі босқындармен жүздесіп, жұрттың тілек-талабын тыңдап қайтты.
Анджелина Джоли, Иракқа Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар мәселесі бойынша елшісі ретінде келген еді. Азаматтық соғыс салдарынан үйсіз-күйсіз қалғандардың қамын күйттеген актриса, маңызды сапарын сау-тамтығы қалмаған Мосул шаһарын аралаудан бастады.
Анджелина Джоли, актриса:
-БҰҰ-ға қызмет етіп жүргеніме бірталай болып қалды. Алайда, қаланың дәл осындай астаң-кестеңі шыққанын алғаш рет көруім. Мұндағы халық, өз күштерімен, қолдарынан келгенше барлығын қалыпқа келтіруге тырысып бағуда.
Кейіннен голливуд жұлдызы, 33 мың сириялық босқын пана іздеген Домини лагеріне ат басын бұрды. Көмекке зәру жандарға әрдайым қол ұшын созуға әзір актриса, барлығының қал-жағдайын сұрап шыққан.
Анджелина Джоли, актриса:
-Мұндағы отбасылар ет жақындарын жоғалтқан. Балақайлар болса, қару-жарақ көрсе еш таңқалмайтын дәрежеге жетіп отыр. Алайда, халық соған қарамастан бақытты. Себебі, енді олар азат.
Джоли Біріккен Ұлттар Ұйымының елшісі ретінде босқындар мәселесімен 2001 жылдан бастап айналысып келеді. Соғыс салдарынан зәбір көрген жандарды қамқорлығына алған голливуд жұлдызы, 17 жыл ішінде Камбоджа, Кения сынды бірқатар елдерді аралап шығыпты. Ал, бұл Джолидің Ирак еліне бесінші сапары болып отыр.