Голливудтық актрисалар, фильм тұсаукересінде бас қосса, әлемге танымал әншілер игі іс жолында бірікті. «Goalie Goalie» деген атпен, Ресейдегі футболдан әлем біріншілігіне гимн ұсынған музыканттар, командаларды осылай қолдауды жөн көрген.
Әлемнің атақты әншілерін, спортқа деген құрмет біріктірді. Иран елінің өнерпазы - Араш, ресейлік әнші - Нюша және Питбуль мен Бланко сынды америкалық рэперлер «Goalie Goalie» әніне бейнебаян ұсынды. Туынды, Лос-Анджелес қаласында түсіріліп, режиссерлық ету Фарбод Хоштинатқа бұйырыпты.
Рэпер Дрейк те, «I'm Upset» трегіне клип таспалады. Музыкант бұл бейнебаяды кішігірім фильм ретінде түсіріпті. Ал, туындыға серінің өмірдегі жақын достары қолдау көрсеткен. Сонымен қатар, Дрейктің кезекті әнжинағы да жарық көруге әзір. Альбомның тұсаукесері шілде айына жоспарлануда.
Никки Минаж бен Ариана Гранде бірігіп дуэт жазбақ. Қос сылқым «Bed» деп аталатын жаңа хиттің тизерін ұсынды. Әншілер, осылайша табынушыларын алдын-ала қуантып қоюды көздеген екен. Қос өнерпаздың тың трегі, әлемнің 27 елінде, музыкалық чарттардың көшін бастап үлгерген.