Голливудтық арулардың ыстығы әлі де басылмауда! Women in Film марапатында бас қосқан әйгілі актрисалар, жауыр болған «әйел құқығын» сөз етуден жалығар емес. Ал, айтулы кеште арнайы жүлде кімге бұйырды?
Киносаласындағы әйелдердің рөлін айшықтайтын Women in Film жүлдесі, 1977 жылдан бастап дәстүрлі түрде табысталып келеді. Алайда, актрисаларға мәртебелі марапаттың иегері атану үшін, тек фильмдерге бой көрсету жеткіліксіз. Арулар еңбегімен ерекшеленіп қоймай, қоғамға да пайдасын тигізуі тиіс. Бұл жолы жан-жақтылығымен көзге түсіп, «үздік актриса» атанған – Александра Шипп болды.
Мәртебелі кеште сыйлық алмаған, өзге өнерлі ханымдар көңілін еш түсірмеді. Себебі, олар аталмыш жиынға марапат үшін емес, көкейкесті мәселелерді талқылау үшін келген еді.
Бри Ларсон, актриса:
-Неліктен киносыншылардың басым бөлігі ерлер? Мысалы, 40 жастағы еркектің не ойлайтыны маған бәрібір. Оған қарағанда картинамды әртүрлі нәсілдегі, түрлі жастағы әйелдердің қалай қабылдайтыны маңыздырақ.
Оскар жүлдегерінің өкпе-назға толы сөздерін, Фрэнсис Макдорманд та қолдай кетті.
Фрэнсис Макдорманд, актриса:
- Мұнда барлығымыз феминист әйел ретінде сөз сөйлеп жатырмыз. Демек, бұл дегеніміз қоғамда әлі де әйел теңдігі деген тіркес қалыптаспады дегенді білдіреді.
Ал, мінберде сөз сөйлемеген актрисалар болса, теңдікке қалайда қол жеткіземіз деп тарқасты.