Танымал болу әп-сәтте! «Би додасында топ жарып, «Стар оф Эйжа» фестиваліне билет ұтып ал». Дәл осындай ұранмен Алматы жастары өзара батл ұйымдастырды. Мақсаты кумирін көзбе-көз көріп, көкейдегі сауалын жолдау. Сонымен, асығы алшы түскен кім?!
Бұл алаңға Алматыдағы би өнеріне құштар қыз-бозбаланың барлығы жиналған. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаз, «Стар оф Эйжа» фестиваліне ұтысқа қойылған билеттерді еншілейді. Айтулы жобаның жолдамасын қанжығалау үшін, батлда ерекше қимылдар көрсетіп, қарсыластан басым түсуі керек.
Мәселен, мына Майра есімді қатысушы хореографиямен 13 жылға жуық шұғылданыпты. Төккен тер, текке кеткен жоқ.
Майра Мадиярова, жеңімпаз:
-Мен «Star of Asia» фестивалін өте қатты күтудемін. Өйткені, Кореядан менің ең сүйікті тобым келеді. Олардың аты «Астро»! Мен оларды өте-өте қатты жақсы көремін. Сол үшін, осы жаққа қатысудамын.
Бұл батлда жеңімпаз атанған жастардың басым көпшілігі, дәл осы корейлік бойзбендтің тыңдармандары екен. Олар кумирлерімен кездесе қалса, түрлі сұрақтың астына алмақ.
Ақбота Ердалы, жеңімпаз:
-Сондай деңгейге қалай жеткенін, күніне биге, өлеңге қанша уақыт бөледі. Сондай, сұрақтар қойсам күшті болар еді.
Сондай-ақ, «Астролық» жігіттермен жүздесу үшін, тіпті кейбір жанкүйлерлері кәріс тілін меңгеру үстінде.
Аружан, жеңімпаз:
-Көрген кезде мүлдем сөйлей алмай қалуым мүмкін. Мен өзім корей тілін оқимын. Мүмкін барлық дайындап барған, корей тілін ұмытып қалуым да мүмкін. Білмеймін...
Би батлында ғашығына тосыннан үйлену туралы ұсыныс айтқандар да табылды. Сүйгеніне сезімін білдірген бұл сері, әйгілі әнші Араштың табынушысы екен.
Қуандық Шаймардан, қала тұрғыны:
-Шыны керек кішкентай кезімнен Араштың өлеңдерін жақсы көремін. Мен Араш келетінін естідім. Содан кейін дайындалдым.
Ал, жаһан жұлдыздарының басын бір сахнада тоғыстыратын «Стар оф Эйжа» фестивалі, маусым айының 16-сы мен 17-сі күндері Медеу мұз айдынында өтеді.