Келешекте қазақстандық боксшылардың да ішінен жаһандық жұлдыздардың шығатыны сөзсіз. Әзірге, әлемдегі ең табысты спортшылар тізімінде, әйгілі Флойд Мейвезер көш бастап тұр. Ол кәсіпқой рингтен кетсе де, биылғы жылдың өзінде қыруар ақша тапқан.
Соңғы 12 айдың ішінде Мейвезер қоржынын 285 млн долларға толтырған. Ол былтыр 26 тамызда атышулы Конор МакГрегормен жекпе-жек өткізіп, қызуқанды ирландиялықты 10-шы раундта нокаутқа жіберген еді. Бұл айқастан Флойд 275 млн доллар сыйақы алған. Әйгілі АҚШ спортшысының қалған 10 млн доллар кірісі, жарнамалық келісімшарттардан түскен. Ал, оның мансабындағы жалпы табысы 1 млрд доллардан асып жығылады.
Ақшалы спортшылар тізіміндегі екінші орында, аргентиналық Месси тұр. 2017/18 футбол маусымындағы барлық турнирлерде 45 доп соққан аяқдопшы, «Барселонамен» келісімшартын 2021 жылға дейін ұзартқан еді. Бұл Леонельге $80 млн долларды құрайтын жылдық жалақы мен сыйақыға кепілдік береді. Футболшы биылдың өзінде жылпы 111 млн доллар қаржыға кенелсе, оның 27 млн-ы жарнамадан түскен.
Бұл футбол маусымында әйгілі Роналду 43 матчта, 44 голдың авторы атанған. 2017 жылы «Алтын допты» иеленген ол, биыл өз мансабындағы бесінші Чемпиондар Лигасын ұтты. Пиар жобалары мен жеке брендтерінің сауда кірісін, жалақысын есепке алғанда, Криштиану 108 млн доллармен үштікті түйіндейді. Ізін ала, тізімде төртінші тұрған атышулы ММА өкілі Конор МакГрегор 99 млн табыс тапса, 26 жастағы «ПСЖ» аяқдопшысы Неймар 90 млн доллар пайда көрген. Жаһандағы ауқатты спортшылар ондығында, теннисші Роджер Федерер мен баскетболшылар Джеймс Леброн мен Стефен Карридің есімдері бар.