Әнуар Нұрпейісов, өткен уикендте жанкүйерлері мен алматылық жастарды жинап, тауға шықты. Мақсатым, отандық туризмді дамыту дейді ол. Тіпті, актер бұл бастаманы қолдамаған өнердегі кейбір әріптестеріне ренжулі көрінеді...
Шығармашылықтан шеттеп қалған Әнуар Нұрпейісов, соңғы кездері қоғамдық белсенділігімен көзге түсіп жүр. Күні кеше, сұлулық байқауындағы қыздарды сынға алған ол, енді тағы бір тың бастама көтерді.
Дәл осылай табиғат жанашырына айналған Нұрпейісов, жанкүйерлері мен алматылық жастарды қоршаған ортаны қорғауға жұмылдырмақ! Жаппай тауға шығудың да мақсаты осы!
Әнуар Нұрпейісов, актер:
-Тауға барудың мәдениетін насихаттау, қоршаған ортаны тазалықпен сақтау. Кешегі ақпарат бойынша, бүгінгі шараға 1400 адам тіркелді. Біздің болжам бойынша, 700-800 адам көтерілетін сияқты.
Одан бөлек, Әнуардың туған жер жайлы бейнероликтерді таспалап жүргені белгілі. Еліміздің әр өңірін аралап, табаны тозған оның, тіпті актерлықты тастап, түбегейлі туризм саласына бет бұрмақ ойы да бар.
Әнуар Нұрпейісов, актер:
-Қазіргі кезде мен туризммен айналысып жатырмын. Соның ішінде - экотуризм саласы. Өйткені, елімізде бұл бағыт дамымаған. Және де бұл саланың потенциалы зор.
Кенже қалған отандық туризмнің мұңын шерткен Нұрпейісовтың, кейбір жұлдыздарға айтары бар. Актерды ренжіткені, қазақстандық танымалдардың көбінесе елімізде емес, шекара асып саяхаттауы және демалуы.
Әнуар Нұрпейісов, актер:
-Осындай тауларда өмір сүріп, оларға бармау, осындау мүмкіндікті жіберіп алу ол өте ұят нәрсе, меніңше!