Ал, театр саласының үздіктеріне табысталатын «Tony Award» марапатында, Роберт Де Ниро басты жұлдызға айналды! Оскар иегері дәл мінберде тұрып, Дональд Трампқа қатысты бейәдеп сөздерді қарша боратқан көрінеді. Бұған «Ақ үйдің» жауабы қандай болар екен..?!
«Tony Award» жүлдесі 1947 жылдан бастап дәстүрлі түрде табысталып келеді. Марапаттың мақсаты – америкалық театр саласының кіл мықтыларын анықтау. Бұл жылы, арнайы сыйлыққа үміттілер көп болды. Тіпті, олардың арасында танымал Спанч Боб та бар.
Өкінішке қарай, сары түсті ақкөңіл балақай жайлы хикая «ең үздік мюзикл» ретінде ешбір марапатты еншілей алмады. Есесіне, Гарри Поттердің өмірінен сыр шертетін қойылым «үздік режиссура», «үздік актерлық ойын» сынды екі бірдей сыйлықты еншілеп қайтты.
Дәл осылай, театр майталмандарын бір шаңырақ астына жинаған шара, ойдағыдай өтіп жатқан еді. Алайда, кештің шырқын Роберт Де Ниро бұзды. Оскар иегері, кезекті жеңімпазға марапатты табыстаудың орнына, мінберде тұрып Трампқа қатысты бейәдеп сөздерін қарша боратты.
Ал, «Ақ үй» әкімшілігі «Тони жүлдесі» кешіндегі дауға қатысты әзірше жұмған аузын ашпады. Де Нироның ісін біреу ерлік десе, кейбірі әдепсіздікке балады.