Бұрынғы сыныптастар бүлдіршін шақтан баяғыда өтсе де, жыл сайын бас қосып, қуаласпақ ойнауды әдетке айналдырған. Серілер, кезегін келесі адамға тапсыру үшін түрлі жанкештілікке де әзір.
Алайда, жігіттердің арасында ешқашан жеңіліс таппаған жалғыз жан бар. Енді, ойынға құныққан достар қалайда сол сыныптасын ұтып шығуды көздейді. Осы мақсатқа бекінген кейіпкерлер, тіпті жолдастарының үйлену тойына да қарамақ емес.
Көрерменді күлкіге қарық қылатын комедия, шынайы оқиға желісімен таспаланған деседі. Сюжетке «The Wall Street Journal» газетіне жарияланған мақала негіз болған екен.
Эд Хелмс, актер:
-Қырықтың қырқасына шықса да, жігіттер балалық ойынға бой алдырады. Меніңше, әрқайсымыздың ішімізде кішкентай бүлдіршін жатыр.
Отандық көрермен болса, «Енді сенің кезегің» картинасына көп ұзамай өз бағасын бере алады. Комедия маусымның 28-нен бастап үлкен экрандарға жол тартпақ.