Алматыда өткен ойында «Қайрат» «Ақтөбеден» жеңісті әрең жұлып алды. Аршавин жұдырық жұмсағысы келген ойыншы кім?! Ал, «Ордабасы» мен «Тобыл» өз алаңында қарсыластарына күтпеген жерде есе жіберді. Ел чемпионатының 13-ші турының барысы осындай.
Бауыржан Исламханның «Ақтөбе» қақпасына шірене теуіп соққан голы, «Қайраттың» ірі жеңісінен күні бұрын хабар бергендей еді. Алайда, алаң қожайындарын, Маркос Пиззелидің 15-ші және 30-шы минутта қақпаға дәл дарытқан қос добы шындап састырды.
Қарсыласына 1:2 есебімен матчтың 75-минутына дейін басымдықты беріп қойған алматылық команда, Иво Иличевич таразы басын теңестіргенде бір желпінді. Исаэльдің әдемі асырған пасы мен Уго Сильвейраның баспен бағыттаған нәтижелі соққысы кездесу нүктесін қойды. Жалпы есеп 3:2! «Қайрат» пен «Ақтөбенің» де жүйкесі тозған матчта, өзін ту сыртынан сүзіп өткен Пиззелиге, ашулы Аршавин жұдырық жұмсауға да шақ қалған.
Марат Оралғазин, әзілкеш, тележүргізуші:
– Жүрек дүрсілдеді, қобалжыдық, «валидольный» матч болды дейді ғой.. Жақсы деңгейдегі шабуылшы болмай жатыр ма білмеймін.. Орталық шеп керемет, ең соңғы гол соғатын адам болмай жатыр да...
Мейрхан Шерниязов, актер:
– Бүгінгі матч несімен ерекше білесің бе, өйткені біз әлі аузымызды ашқан жоқпыз... Оразадамыз, бірақ, жанкүйер болып отырмыз.. Мойындау керек, Ақтөбе мықты командалардың біреуі, қорғаныс жағын мықтылау керек.. Ақтөбеде шанстар болды, бізге повезло...
ҚПЛ-дың 13-ші турында аутсайдерлердің асығы алшы түсті. Жеңілістен көз ашпайтын «Қызыл-Жар» қонақта «Тобылды» тізе бүктірсе, «Атырау» сырт алаңда «Ордабасыны» ұтып сенсация жасады. Терезесі тең қарсыласы «Ақжайықты» жеңген «Ертіс», турнир кестесіндегі жағдайын түзеп алды. Көш басындағы «Астанада» 37 ұпай, одан екі матч кем өткізген «Қайрат» қоржынында 32 ұпай. Чемпиондыққа талас әр тур сайын қызу түсуде!