Қысқа кимеші, қарындас! Жаңа әні арқылы қазақ қыздарына үндеу жолдаған Серік Ибрагимовтің басы дауға ілікті. Өнер иесінің тың туындысы, нәзік жандыларға жақпай қалса керек. Әнші жігітке, қаракөздеріміз қарсылығын аямай білдіріп жатыр.
Таяуда ғана Ибрагимовтың репертуарын толықтырған дәл осы ән! Аталмыш тың тректің таралуын тездеткісі келді ме, әнші желі де #ҚысқаКимешіҚарындас атты хэштегпен флешмоб ұйымдастырыпты.
Біткен іске сыншы көп! Серіктің жаңа әнін жақтырмай жатқандар да жетерлік екен.
Серік Ибрагимов, әнші:
-Сөзінің мағынасын, мәнін бірден айтып тұрған шығар «Қысқа кимеші, қарындас» деп. Мұның мағынасы, мәні жоқ қой деп шығатындар бар ғой. Ондай кісілер табылады міндетті түрде. «Бес саусақ бірдей емес қой.»
Иә, Серіктің үндеуіне наразы нәзік жандылардың бірі - КАлия! Әнші бикеш бұл тақырып аясында, әлеуметтік желіде ауқымды пост та жазыпты.
Kaliya, әнші:
-Қоғамдық мәселе көтеремін десең, айтатын өте көп нәрсе бар. Зорлық-зомбылық, тастанды балалар, жалғызбасты аналар... Мүгедектердің де мәселелерін де көтеруге болады. Қоғамдық мәселелердің ішінде, қысқа көйлекті таңдағаны мен үшін өкінішті.
Серік Ибрагимов, әнші:
-Біздікі шамамыз келгенше, қолымыздан келген дүниені жасау ғой. Қалғаны өздерінің саналарында, өздерінің ой-еріктерінде деп ойлаймын.
Бұл бастаманы жігіттер қауымының көбі қолдап, ғаламторда белсенділік танытуда. Қазақ қыздарының қысқа киім кигенін, қаламайтындардың қатарында, Қайрат Түнтеков те бар!