Бейбіт Шүменов, Астанада титулды айқас өткізбек!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазақстандық кәсіпқойлар арасында, екі салмақта әлем чемпионы атанған жалғыз боксшы бар. Ол – Бейбіт Шүменов. Кезінде мансабымды аяқтадым деген отандасымыз, енді рингке қайта оралуға ниетті. Мақсаты Астана қаласында титулды айқас өткізу. Қарсыласы кім болмақ?

Қос салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған жалғыз боксшымыз Бейбіт Шүменов, өз мансабында 19 жекпе-жек өткізіп, 17-ін жеңген, 11 нокауты бар. Ол 2009 жылы Габриель Кампильоға есе жіберсе де, қарымта айқасында одан жартылай ауыр салмақтағы WBA чемпиондық белбеуін тартып алады. Араға бес жыл салып әйгілі Бернард Хопкинс, 12 раунд қорытындысы бойынша Бейбіттен басым түскен болатын.

Шүменов соңғы рет кіші Энтони Райтты 10-шы раундта техникалық нокаутпен тізе бүктіріп, бірінші ауыр салмақтағы WBA-дың уақытша чемпионы атанған еді. 2017 жылы жаттығуда көзінен жарақат алып ота жасатуға мәжбүр болды. Екі жылдық үзілістен соң, Бейбіт 7-шілде күні Астанада түрік боксшысы Хизни Алтункайға қарсы айқаспақ. Титулды жекпе-жекте WBA чемпиондық белбеуі бәске тігіледі.

6-шы маусым күні Данияр Елеусінов кәсіпқой рингтегі екінші кездесуіне шығады. Лондон қаласында болатын бокс кешіндегі, жерлесіміздің қарсыласы әзірге белгісіз. Данияр бұған дейін АҚШ спортшысы Нао Кидтан үшінші раунда нокаутпен үстем болған еді.

Елеусіновтың промоутері Эдди Хирн, бокс тарихындағы қаржылай ең ауқымды құжатқа қол қойды. Құны 1 млрд долларды құрайтын бұл келісімшарт, сегіз жылға жоспарланған екен. Осы уақыт ішінде Matchroom Boxing пен Perform Group компаниялары, АҚШ мен Ұлыбриятанияда 32 жекпе-жек кешін ұйымдастырмақ. Эдди Хирн, отандасымыз Даниярдан өзге көптеген әйгілі боксшылардың менеджері екені белгілі.