Жұлдыздар және дресс-код!

Сообщить о проблеме с эфиром

Лидо, Абай Бегей сынды әншілер кино саласына еш қатысы болмаса да, Канн фестиваліне баруға кетәрі емес. Алайда, өнерпаздар, қызыл кілемге арнап киім тіктіруге әзір ме? Жұлдыздар өмірде дресс кодты қаншалықты сақтайды? Жауабын өздерінен сұрап білдік.

Нұрлан Қоянбаев Канн кинобәйгесіне шақырту алмаса да, жергілікті кештерден жиі табылатын қонақтардың бірі. Киім кию мәдениетіне қатысты продюсердің өз ұстанымы бар.

Нұрлан Қоянбаев, продюсер:

-Енді, шақыру билетін алған кезде әрине, ұйымдастырушыларды сыйлап, сол дресс-кодқа байланысты киініп келесің. Бірақ әрине, дәл бүгін мысалға менде ақ көйлек болмай қалса, бұл жерден мені ешкім қуып жібермейтін сияқты...

Ал Абай Бегей «талапқа сай болу өзіңе деген құрметің» дейді.

Абай Бегей, әнші:

-Өткенде бір екі жерде осындай дресс-код болған, бірақ шақыру билетіне қарамағам. Өзімінің күнделікті киіп жүрген киімдеріммен бара салғам. Сол кезде сәл ыңғайсызданып қалғам.

Әріптесінің бұл хәлін Лидо жақсы түсінеді. Себебі, кезінде ол да дресс-кодты ұстанбағаны үшін біраз қызарған екен.

Лидо, әнші:

-Басымнан бір жағдай өткен. Мен шақыру билетін дұрыстап оқымағандықтан, «black and white» кешіне қызыл көйлек киіп барғам. Сол кезде өзімді өте жайсыз сезініп, кірерге тесік таппадым.

Ал, танымал блогер Әлішер Елікбаев, «үстіңе іліп келгеніңе үңілетін» шара ұйымдастырушыларының талабына құлақ аспайтындар қатарында.

Әлішер Елікбаев, блогер:

-Дресс-кодты ешқашан сақтамаймын. Мен екі метрдан ұзынмын. Сондықтан маған костюм ешкім жасамайды. Жасаған кездің өзінде, арықтап кетем, семіріп кетем. Ал, костюм өте қымбат тұрады. 5-6 мың еуро.

Тіпті Әлішер, міндеттелген киімді кимес үшін, шақырған жерден бас тартуға да әзір.