Жақында ғана отау құрам деп жар салған Жеңісхан Момышев болса, күні кеше туған күнін тойлады. Дегенмен, бұған дейін елге таныстырған сүйіктісі, төл мерекесінде жанынан табылған жоқ. Бұл қалай болғаны?!
Әдетте туған күнін шоу-бизнес өкілдерімен дүркірете атап өтетін Жеңісхан, бұл жолы қуанышына ортақтасуға тек киноөнердегі үзеңгілес әріптестерін шақыруды жөн көріпті.
Жеңісхан Момышев, режиссер:
-Өйткені менің қасымдағы, саламда жүрген достарым ол режиссерлар. Және де тек қана режиссерлар емес, өмірдегі достарым. Бәрі бар негізі, актерлар да бар. Айқын жүр ішінде.
Кіл киногерлердің арасында арпа ішіндегі бір бидайға айналған Айқын, досының туған күнінде ән шашуын аямады. Өзге меймандар болса, Жеңісханға жарыса жылы лебізін жаудырды.
Ернар Нұрғалиев, режиссер:
-Жеңісханмен 7-8 жыл бұрын таныстық. Оның ең алғаш режиссерлыққа қадам басқанын естігенімде, қатты таңқалғаным бар. Өйткені, Жеңісхан режиссер атанған алғашқы әнші еді.
Әбунасыр Серіков, актер:
-Кішіпейілділігі, сосын анау съемканың алдында анау қорқақтығы да бар. Ол да съемкасының алдында не болады екен, не болады екен деп тұрады. Ол керемет нәрсе. Себебі, содан айырылмасаң жұмысың да жүре береді.
Ғаламтор беттерінде көрсетілгендей 47-ге толмаса да, 34 жасқа келген туған күн иесі де, өз өзіне дән риза.
Жеңісхан Момышев, режиссер:
-Екі полный метр кино түсірдім, сериал түсірдім. Отыз төртке келіп осындайды жасаған адам да бар, жасамаған адам да бар. Сондықтан, жыл сайын жасаған еңбектеріме риза боламын.
Алайда, Жеңісханның туған күн кешінде сүйіктісін байқамадық. Сөйтсек, Момышевтың болашақ жары бұл күндері шетелде жұмыстарымен жүрген көрінеді. Ал режиссер болса, келесі жолғы басқосу отау құруымның құрметіне болады деп уәде берді.