Өткен жылы Алтынбек Рахметовпен арадағы әріптестігіне нүкте қойған Серік Ибрагимов, еркіндікке шыққанына дән риза! Бүгінде, өз қалауымен жұмыс істейтін әнші жігіт, продюсерсіз пайдаға кенелудің тың тәсілдерін де тауыпты... Нақтырақ өзі айтып берсін.
Алтынбек Рахметов, Серіктің ән әлеміндегі жолын ашып, қарапайым қазақ баласын халыққа танытты. Продюсер шәкіртінің дүркіретіп тойын жасап, аяқтандырғаны тағы бар. Бірақ төрт жылға жуық әріптестіктің соңы, өткен жылы тосыннан үзілді. Бүгінде, жеке кеткен әнші жігіт, жетекшісіз-ақ еңбектенудің ұтымды тұстарын тізбектеп берді.
Серік Ибрагимов, әнші:
-Жекенің аты жеке, жақсы ғой. Барлық затты өзім шешемін. Өзім қабылдаймын шешімдерді. Және де кез-келген уақытта өзімнің кестеме сай қоя аламын кез-келген нәрсені. Және қаражат жағынан да ғой. Қаражат жағы да көбірек болады.
Бұрындары қос тарап қаламақыны қақ бөлетін еді. Енді табыс тұтастай Серіктің қалтасына құйылып жатыр. Алтынбектен алшақ кеткен әнші, продюсерсіз атқарған жұмыстарының жеңіл еместігін де жасырмайды.
Серік Ибрагимов, әнші:
-Өзің іздейсің, өзің табасың, өзің сөйлесесің деген сияқты. Және де сол Алтынбек ағамыздың тәлім-тәрбиесін алғаннан кейін, сол кісінің айтқаны сияқты, сол кісінің жасағаны сияқты жасағым келеді. Бірақ, әлі де біраз үйренерім көп қой.
Бүгінде тынбай тер төгіп жатқан Серік, дәл қазір кезекті клипін таспалауда. «Қызғаншағым» деп аталатын бейнбаянның сюжетіне, жас жұбайлардың арасында туындайтын орынсыз кикілжіңдер арқау болған көрінеді.
Серік Ибрагимов, әнші:
-Болмайтын бір смс үшін ұрсысып қалып, айырылысып кетіп жатқандар бар. Түсініксіз бірдеңе үшін айырылысып кетіп жатқандар бар. Сондықтан, осындай нәрсені астарлап бергіміз келіп тұр да.