Ал, күлкілі әрі жеңіл картина таспалап-ақ, қаржыға қарық боламын деген режиссерлер, Азамат Сатыбалдының көңіліне жақпай жүр. Кинонарықта комедия қаптап кетті деп ашынған актер, әр-түрлі жанрдағы салмақты картиналардың көптеп таспалануын армандап жүргенін айтады. Тілшіміз толықтырсын.
2017 жылы барлығы 31 отандық картина ел назарына ұсынылса, соның басым бөлігі комедия жанрында таспаланған. Кинонарықта дәл осындай жеңіл-желпі туындылардың көптеп жарық көруі, Азамат Сатыбалдыны алаңдатқан.
Азамат Сатыбалды, актер:
-Үйренген жерге үйір болып, барлығы комедия түсіреді. Өйткені комедия жеңіл. Бізде әрбір жанрда фильм болу керек әрбір жанрда. Ол драма болсын, ол экшн болсын, фантастика болсын. Көрерменнің алдында таңдау болу керек. Сонда көрермен өзіне ұнаған фильмді көреді.
Алайда, режиссер Асқар Бисембин комедияны халықтың өзі таңдап отыр дейді.
Асқар Бисембин, режиссер:
-Салмақты туындыларды көбінесе халық оң қабақпен қабылдай бермейді. Ал, комедия сынды жанрлар табыс әкеледі. Сондықтан, отандық картиналарлар көбінесе ойын-сауық форматында.
Фильмдерді таспалап, қалтасын қампайтқысы келген киногерлерді Жандос Айбасов құп көрмейді.
Жандос Айбасов, актер, каскадер:
-Шынымды атсам, орысша айтқанда «бесмысленная комедия» деп айтады. Сондықтан көбірек тарихи туынды түсіру керек.
Талай комедияның продюсері атанған Әсел Сәдуақасованың бұған айтар уәжі мынау:
Әсел Сәдуақасова, актриса, продюсер:
-Негізінде салмақты, тарихи фильмдерді таспалау, әрбір режиссердің арманы. Алайда, ол үшін миллион доллардан аса қаржы керек. Мұндай соманы әрбір киногердің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деймін.