«Кешью» тобына 12 жыл! Баян Алагөзова кіммен әлі де араз?!

Сообщить о проблеме с эфиром

2006 жылдың сәуір айы! Осыдан тура 12 жыл бұрын отандық шоу-бизнестің көшіне, «Кешью» тобы қосылған еді. Аталған мерзім аралығында Алагөзова қаншама талантты қыздардың жұлдызын жақты... Дегенмен, Баянның бүгінде кейбір шәкірттерімен қарым-қатынасы мәз емес! Атышулы арулар  ұжымының айтулы оқиғаларын, туған күндері қарсаңында еске алуды жөн көрдік...

2006 жылы Анель Аринова бастаған арулар, «Кешьюдің» алғашқы құрамына қабылданып, кейін бұл тізімді Мөлдір Әуелбекова толықтырды. Аталмыш гелзбендтің бастапқыда дәл осындай батыл образбен сахнаға шыққаны, әлі күнге дейін ел есінде.

Бағым Мұхитденова, «KeshYOU» тобының музыкалық продюсері:

-Он жыл бұрынғы «Кешьюдің» киіну стилі сол заманға сай еді. Қазір аудиторияның сұранысына орай, өзгеріс енгіздік. Егер, алдағы уақытта қысқа киіну трендте болса, бұрынғы қалыпқа қайта келуімізі де ғажап емес. Сондықтан бәрі уақыттың еншісінде...

Жанар, Кәмшат, Айдана! Бұл қыздарды «алтын құрамның» әншілері деседі! Өйткені, олар өнер көрсеткен жылдары, «Кешьюдің» шығармашылығы шарықтап, топқа деген сұраныс та артқан. Уақыт өте гелзбендте тағы да өзгеріс.

Балжан, Ақбота, Жұлдыздың «Кешьюге» сіңірген еңбегі зор. Олар ән салған тұста, топтың 10 жылдығы тойланды! Бірақ арулар ұжымының туған күнінде, экс-әншілердің барлығы дерлік болған жоқ. Алагөзова тізімге Мөлдір мен Жанарды қоспаған.      

Баян Алагөзова, «KeshYOU» тобының продюсері:

-Бұл өмірде барлығы біз ойлағандай бола бермейді ғой. Кейбір сәтте қарым-қатынастың соңы, жақсылықпен аяқталмайды. Сонықтан, бүгінгі кешке Жанар Дұғалова мен Мөлдір Әуелбекова қатыспайды деп шештік...

Ал, Әуелбекова продюсерден бөлек, кезінде топтағы қыздармен де тіл табыса алмағанын айтады.

Мөлдір Әуелбекова, «KeshYOU» тобының экс-әншісі:

-Жастықпен бір-бірімізге әшейін реніштер ғой болмайтын нәрсеге. Ол жастықтың есесі деп ойлаймын.

Баян мен Мөлдір әлі күнге дейін оң шешімге келе алмай жүрсе, тосыннан топтан кетіп, ұстазын ренжіткен Ақбота Сейітмағамбет, таяуда ғана Алагөзовамен татуласты...

Ақбота Сейітмағамбет, «KeshYOU» тобының экс-әншісі:

Алдынан өтіп, рахметімді айтып, кешірім сұрадым. Жүкті болған кезде кетіп қалған болатынмын. Ол кісі мені түсінді, менде ол кісіні түсінемін.

Енді, экс-Есентаева қол астында ән салған қыздардың басын, тағы бір мәрте қосуды жоспарлап отыр. «Кешью» туралы фильм, әріптестерді түсірілім алаңында қайта қауыштырмақ!  

Айдана Меденова, «KeshYOU» тобының экс-әншісі:

-Менің ойымша түсіруге дайын материал көп. Сондықтан мен дайынмын.

Қазіргі құрамда Балжан Бидаш, Элизат Берікова және Назым Әбілдина өнер көрсетіп жүр. Бүгінде, бұл бұрымдылардың басты мақсаты Баян мен Бағымның көңіліне қаяу салмау...

«KeshYOU» тобы:

-Қазіргі мақсатымыз есікті қатты жауып кетпеу. Осылай шыққанымыз продюсерлеріміздің арқасы болғандықтан, ол кісілерді сыйлап, құрметтеп, барынша ренжітпеуге тырысамыз!