Автобусқа шабуылдаған Конор МакГрегор тұтқындалды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Екі қошқардың басы бір қазанға сыймай жүр... Хабиб пен Конор арасындағы текетірес жаңа сипат алуда. Қызуқанды ирландиялық, Нурмагомедов отырған автобустың терезесін сындырған. Және, МакГрегор бұл қылығы үшін тұтқындалды. Жазасы қандай болмақ?!    

Қызуқанды ирландиялықтың бұлай ашуға мініп, түлен түрткендей автобустың терезесін сындыруы жұртты дүрліктірді. Көліктің ішінде Хабиб Нурмагомедов бастаған UFC-223 турниріне қатысатын ММА өкілдері болған. МакГрегор

жасаған шабуыл нәтижесінде, америкалық аралас жекпе-жек өкілі Майкл Кьезаның денесін әйнектің сынықтары тіліп кеткен. Конор мұнымен қоймай, жолын кес-кестеген ер адамның бетіне бірнеше соққы жұмсайды. 

Дана Уайт, UFC Президенті:

-Конор үшін Хабибпен ММА ережесіне сай сегізұрышта айқасып, өзара кикілжіңіне нүкте қоюға барлық мүмкіндігі болды. Бірақ, ол тобымен келіп ақылға сыйғысыз әрекет жасап отыр. Көңілім қалды. Осыдан кейін, МакГрегордың сенімді фанаттары да, одан ат тонын ала қашатыны түсінікті.

Дана Уайттың пікірінше, МакГрегор өзінің UFC-223 турнирінен сырт қалғанына қапалы. Және ол чемпиондық белбеуінен жекпе-жексіз айырылып қалудан қорқады. Себебі, осы оқыс оқиғаның алдында ирландиялық спортшы парақшасына «менен ештеңе тартып ала алмайсыңдар» деп жазба қалдырған.

Нью-Йорк полициясы Конордың ұшағын әуежайдан шығармай, оның өзін бірден тұтқындаған. МакГрегор автобусты зақымдағаны үшін, 8 мың доллар материалдық шығын төлейді. Майкл Кьезаға салған жарақаты үшін де жауап бермек. Бұған дейін, Хабиб  жақтастарымен, өзін сөзбен мұқатқан Конордың командаласы Артем Лобов пен оның серігі қазақстандық воркаутшы Ислам Бадурговтың жағасынан алған болатын. Бұл жайт отқа май құя түсті. Енді,  шиеленіскен жағдайды, тек МакГрегор мен Хабибтің жекпе-жегі шешеді дейді ММА жанкүйерлері!