Айқынның әнін сүйіп тыңдайтын жанкүйерлері, экранға жақынырақ жайғасайық. Әдетте, Төлепбергеннің кешіне билет таппай сарылсаңыз, бұл жолы кумиріңіз тегін концерт қойып бермек. Ерекше шоу әзірлеп жатқан әншінің кеші жайлы тілшіміз тарқатсын.
Айқын кезекті концертін мамыражай мамырдың алғашқы күніне белгілепті. Оңтүстік астана тұрғындары мен қала қонақтарына арналған шоу, ашық аспан астында өтеді.
Айқын Төлепберген, әнші:
-Алматы қаласында тегін концерт берейін деп жатырмын. Сол үлкен жоспар бар. Республика сарайының алдында, үлкен сахна құрып «open air» концерт жасау ойда бар Алла қаласа. Республика сарайының ішіне емес ақшаға, сыртына тегін концертті тамашалауға шақырамын.
Осы жылы тыңдармандарына тегін концертті өткізу, Айжан Нұрмағамбетованың да жоспарында бар. Өнер әлеміндегі 40 жылдығын Алматыдағы зәулім сарайда тойлауға бекінген әнші, мыңдаған билеттерді көңілі жабырқау балақайларға сыйға тартуға ниетті.
Айжан Нұрмағамбетова, әнші:
-Үш мың орын болса, мың билетті мен 10 шақты балалар үйлеріне үлестіремін. Ал, ең қымбат алдыңғы қатардағы 500 орын, ол өзімнің әріптестеріме, ақын, композиторларға кетеді. 2005-ші жылы да солай істедім, 2010-шы жылы да солай істедім.
Әнсүйер қауымға ақысыз кеш өткізу, отандық шоу-бизнес өкілдерінің арасында белең ала бастағандай... Осы уақытқа дейін тегін концерт беруде рекорд орнатқан Серікбол Сайлаубек сыңайлы.
Серікбол Сайлаубек, әнші:
-Бір 300-ден астам тегін концерттерімізді бердік. Халықтың ақшасын емес, батасын жинадық. Өйткені, кейбіреулердің билет алып кіруге ақшасы бар болса, енді бірінің қалтасы көтермейді.