Қазақстандық бір топ сәнгер Милан қаласынан оралды. Италиядағы ауқымды «White Milano» шарасына қатысып келген олар, бұдан-былай отандық өнімді шет елдерге саудаға шығармақ. Тіпті олар, бірнеше дүкенмен келісім-шартқа қол қойып үлгерген.
Туған жерге орала сала, дизайнерлере топтамаларының көрсетілімін ұйымдастырды. Күні кеше, дәл осы үлгілер Милан қаласындағы «Уайт Милано» шарасының аясында шетелдіктерге таныстырылған болатын.
Айка Әлемі, сәнгер:
-«White Milano» деген әлемдегі ең үлкен көрме. Ол көрмеге жиырма үш мың мамандар келеді. Бутиктардан, әмбебап дүкендерден, мода сататындардан...
Ал, сән саласының өкілдерін бір жерге жинаған ерекше көрмеден, сәнгерлер олжалы оралған. Бұдан-былай еліміздің дарынды дизайнерлері Еуропалықтарды киіндірмек.
Фариза Сұлтан, сәнгер:
-Италиядан төрт қаладан және Бельгиядан ұсыныс келген болатын, біз оларға экспорт жасаған болатынбыз. Және мына жолы бізге тағы да заказдар түсіп, тек Италияда ғана емес, Лондонда және Сеулда сатылатын боламыз.
Шетелдіктердің қазақстанда жасалған бұйымдарға қызығушылық танытуы бекер емес. Мәселен, «Дани» сән үйінің негізін қалаушы Камиля Сүлейменова әлемнің өзге дизайнерлеріне мүлде ұқсағысы келмеді.
Камиля Сүлейменова, сәнгер:
-Мысалы, мен өзімнің бұл топтамамда қазақтың қолөнерін, замануи сәнмен ұштастырғым келді. Еуропада қолдан жасалған дүниелерді жақсы бағалайды. Сондықтан, қызығушылық танытқандар көп болды.
Олай болса, болашақта «Made in KZ» сөздері жазылған киімді, әлемнің әр елінен кездестіреміз деп сенейік.