Нұржан Керменбаев – продюсер! Иә, қанатының астына жас әншіні алған қара бала, қарапайым қарашаға тағы бір қырымен танылмақ. Бірақ, «Қапкарашканың» қазіргі жобасы, бұрын Махмудидің орталығында еңбектенген болып шықты. Бұл жігіт кезінде Сивиді сан соқтырып кеткен өнерпаздардың бірі емес пе екен?! Серікқазы Аязбаев біліп көрді!
Сиви Махмуди, әнші, продюсер:
-Шыны керек жобаларымнан шаршадым. Бірінші рет айтып тұрмын. Бүкіл ойым, жүрегім, уақытым барлығы сол жобаларыма кететін. Арасында түсінбей, мінез көрсететіндер бар. Сонымен бәріне сабақ болсын деп, барлығын қазір жібердім.
Сиви құрған «Саламат» тобында ән салып, кейін продюсермен ат-құйрығын үзіскен жігіттің бірі дәл осы - Нұрман Арыстан есімді әнші. Махмудидің кешегі жобасы, бүгінде Керменбаевтың қол астында қызмет етуге келген. Ал, қара баланың қарамағына өткен өнерпаз, бұрынғы басшысының пікіріне қарсы.
Нұрман Арыстан, жас әнші:
-Ол әңгіменің маған қатысы жоқ шығар. Өйткені, мен жақсы кеттім ғой ол кісіден. Көп жұмыс жасаған жоқпыз ол жерде. Бір бейнебаян түсірілді.
Ал, Нұржан Керменбаев, Сивидің продюсер ретінде жіберген қателігін айтты.
Нұржан Керменбаев, әнші, продюсер:
-Әркімнің стилі әр түрлі. Жұмыс жасау бағыт-бағдары әр түрлі. Сондықтан, бастапқы кезде психологиялық әңгімелердің жүрмеуінен деп ойлаймын, мұндай проблемалардың туындаулары.
Нұржан мен Нұрман қазіргі таңда келісімшартты дайындауда. Продюсерлікке белсене кіріскен Керменбаев, мансабының жемісті боларына сенімді.
Нұржан Керменбаев, әнші, продюсер:
-Продюсерлік – үлкен бір жауапкершілікті талап ететін жұмыс екенін білеміз. Сондықтан таразыға салып, салмағын өлшеп, сөйтіп дайындалып келген дүние екенін айтқым келеді.
Жұмысқа білек сыбана кіріскен Керменбаев, жаңа жобасына алғашқы бейнебаян да таспалап үлгеріпті. Ырғақты ән «Мария» деп аталады.