Қазақ өнерін әлемге паш еткен Әміре Қашаубав туралы тарихи лента, көрерменге жол тартты. Фильмді алғашқы болып тамашалағандар, туындыға қатысты сыни пікір білдіріп те үлгерді. Алайда, басты рөлді сомдаған Санжар Мәди, көпшілік сөзіне мүлде құлақ аспайтынын кесіп айтты.
Париж аспанын әнге бөлеген Әміре туралы фильмнің тұсаукесеріне жиналғандардың қарасы көп. Танымал тұлғалар мен жұлдызды қонақтарды - оркестр әсем әуенімен сүйсіндірді.
Ал, киногерлер болса, бұл кештің басты жұлдызына айналғандай.
Джеффри Веспа, режиссер:
-Аталмыш картинаның режиссері атанғаныма өте қуаныштымын. Әміренің басынан кешкені, қазақ халқы мен мәдениеті үшін өте маңызды, тарихи оқиға.
Экранға жол тартқан тарихи лентаға, қазақтың біртуар тұлғасы Әміре Қашаубаевтың ерте үзілген ән-ғұмыры негіз болған. Санжар Мәди өнерпаздың өмірін көрсету оңай түспегенін жасырмайды. Алайда, актер айтылып жатқан өзге пікірлерге құлақ асуға құлықсыздау секілді.
Санжар Мәди, актер:
-Жағымды әрі жағымсыз пікірлер болатынын жақсы білдім. Тарихқа келгенде кім де болса, өз пікірін айтып қалғысы келеді. Алайда, біз лентаны бар ғұмырын Әмірені зерттеуге арнаған, биографтың өзімен ақылдаса таспаладық. Ең бастысы, сол адамға кино ұнады.
Ал, көпшілік күткен тарихи лентаны, әсем әнмен әрлеу құрметі Нұрлан Тәжікеновке бұйырған.
Нұржан Тәжікенов, күйші:
-Осы фильмнің бүкіл саундтрегін жазған болатынмын. Және де сол Әміре атамыздың ойнап жатқан қолдары менің қолым. Дубляж дейді ғой.
Лентада Әміре Қашаубевтың ғашығының образын, австралиялық актриса Эбби Корниш сомдайды. Еске салар болсақ, ару бұған дейін «Оскар» марапатына ұсынылған «Три билбОрда на границе Эббинга. Миссури» картинасында төбе көрсеткен еді. Осылайша, бірнеше елдің актерлерін тоғыстырған туынды, көптің көңілінен шыққандай.
Нұрлан Қоянбаев, продюсер, тележүргізуші:
-Осындай тарихи кинолар көп болсын, көп түсірілсін деген оймен шықтық. Әрине бұл киноның жанрын өздеріңіз білесіздер, барлығы, көбісі жылап жатыр дегендей. Ауыр кино.
Жандос Айбасов, актер, каскадер:
-Енді, өздеріңіз қазір көріп отырғандарыңыздай, комедия деген қаптап жатыр. Шынымды атсам, орысша айтқанда «бесмысленная комедия» деп айтады. Сондықытан көбірек тарихи туынды түсіру керек.
Ал, «Әміре» картинасы сәуір айының 5-нен бастап үлкен экрандарға жол тартпақ!