«Алашұлы» тобының экс-мүшесі Ұшқын Жамалбек енді киносаласында да бағын сынап көруге ниетті. Бұл туралы әншінің өзі тілішіміз тәпіштеп айтып берген. Сонда, сері жанына жақын музыка өнерін түбегейлі тастамақ па?! Жауабын өзінен сұрап білейік.
Күні кеше Мәдина Cәдуақасовамен бірге Монғолиядағы ән сапардан отанға оралған Ұшқын Жамалбек, бұл күндері жұмысқа білек сыбана кірісіп кеткен. Музыкант, Дәстен Шәкіровтың режиссерлігімен таспаланып жатқан жаңа кинолентаның саундтрегін жазуда.
Ұшқын Жамалбек, әнші:
-Бірінші ол киноны көрдім. «Караман» деп аталады екен киноның аты, түсірілім тобының қойған аты. Киноны көргеннен кейін маған сынақ, өмір деген тақырып ойыма келіп, «Сынақ-өмір» деген ән жазылды киноға.
Талай фильмдерді әсем әндерімен әрлеген Ұшқын, болашақта өзім де кинода төбе көрсетуім мүмкін дейді. Алайда, өнерпаз бұған дейін арнайы кастингтерге қатысып көрмепті.
Ұшқын Жамалбек, әнші:
-Өнер академиясын бітіргеннен кейін, өзімнің мамандығым да сол. Киноактер мамандығы, музыкальныі актер сол жағынан болғаннан кейін ол маған жат мамандық емес. Болашақта ұсыныстар болып, жақсы көңіліме жететін рөлдер болса, міндетті түрде түсуге келісем.
Актер атансам деген арманы бар сері, Монғолиядағы ән сапардан алған әсерін әлі де ұмыта алар емес. Шыңғысханның еліне ат басын бұрған отандық өнерпаздарды, жергілікті жұрт жылы қабақпен қарсы алыпты.
Ұшқын Жамалбек, әнші:
-Өте жақсы қарсы алды, қонақжай. Астымызға кілем төсеп. Таңның атысы, күннің батысы қасымызда болып, бір сағыныштарын басып. Біз өз өнерімізді ол кісілерге паш етіп.
Шетелден шалқар шабытпен оралған Ұшқын Жамалбек, болашақта әлемнің әр түкпіріндегі қазақ қандастары үшін арнайы концерттер беруді армандайды. Оның үстіне, әншіге түсіп жатқан мұндай ұсыныстар да бар екен.