Желіде хэйтерлермен айқасқан жұлдыздар, қара ниеттілерді жазалаудың жолын тапты. Кереғар пікір білдіргендерге қандай шара қолдану керек? Бұл істегі айла-амалымен сәлден кейін әнші Алтынай Жолдыбаева бөліседі.
Алтынай аккаунт ашқалы, желідегілермен жиі ашық айқасқа шығады. Бұрындары сылқымның батыл образдарын сынға алатын оқырмандары, қазір ата-анасына тіл тигізетін болған.
Алтынай Жолдыбаева, «JayRan» тобының әншісі:
-Әке-шеше деген әңгімені қосатын жерде, иә көңіліңе тиеді. Өйткені сол комментарийді жазып отырған адам, өзінің тәрбиесіздігін көрсетіп отыр. Және де бұл жерде өзінің әке-шешесінің берген тәрбиесінің қаншалықты екенін көрсетіп отыр.
Алтынай әкесі мен анасына араша түссе, Гүлнұр Оразымбетова қос ұлын хэйтерлерден қорғауға көшкен. Әнші мен шенеуніктің шаңырағында тәрбиеленіп жатқан екі атұстарға, ғаламтор сыншылары тыным бермейді екен.
Гүлнұр Оразымбетова, әнші:
-«Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» - деген сияқты. Ол деген нәрсе дұрыс емес. Адамға байлықты да, баршылықты да жасайтын адамның өзі. Сондықтан да, мен балаларыма тіл тигізуге ешкімге де жол бермеймін де. Мен соңына дейін күресемін де. Сондықтан да, сіз менің балаларыма жаман пікір жазуға ешқандай да құқыңыз жоқ.
Жеке басының құқығын кіші Жолдыбаева жақсы біледі. Күні кешеге дейін Алтынай қара ниеттілермен айқасып келсе, енді жағымсыз пікір жазғандарды жазалаудың жаңа жолын тауыпты.
Алтынай Жолдыбаева, «JayRan» тобының әншісі:
-Баяғыда жалған аккаунт жасауға болатын еді. Қазір инстаграм оның барлығын өшіретін болды. Сондықтан да қазір біреу балағаттап, егер де қатты жаныңа тиетін сөздер жазатын болса, оның барлығын заңды түрде қарастыруға болады. Яғни, қандай нөмерге тіркелген? Ол нөмір кімнің атында және тағы да басқа... Сондықтан да абай болыңыздар!