Жұлдыздар жанкүйерлерімен селфи жасаудан неге бас тартады?

Сообщить о проблеме с эфиром

«Суретке түсейікші?». Өнер өкілдеріне осы сынды өтініш жиі айтылады. Бірі қуана жанкүйерінің жанына жайғасса, бірі «ат тонын ала қашады.» Біз осындай жұлдыздардың тізімін жасап көрдік...

Тынымсыз түсірілімдер мен фотоссесиялар әртіс біткенді қажытып жіберетіні рас. «Суретке түйсейік» деп қолқалайтын жанкүйерлер тағы бар. Шоу-бизнес өкілдері олардың өтінішіне «жоқ» деп, қысқа қайыруы да мүмкін. Бірақ, Дидар Кәден ондайлардың қатарынан еместігін айтады.

Дидар Кәден, әнші:

-Ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысамын. Және де «жоқ, кешір, уақытым жоқ» немесе «ренжімеңіз» деп кеткен сәттерім болмаған.

Табынушыларымен фотоға түсуден, актер Бауыржан Сатов та қашпайды екен. Керісінше, оның суық жүзін көріп бата алмай тұрғандарды көрсе, өзі барып қолқалайтын көрінеді. 

Бауыржан Сатов, актер:

- Мен жанкүйерлеріме айтам да, «жөндеп қарап жібересіз ба? Сурет жақсы шықты ма? Освещениесі жақсы болды ма?» барлығына өзім уайымдаймын.

Халық әртісі Роза Рымбаева болса, жылтыңдап суретке түскенді де, суретке түсе беретіндерді де түсінбейтінін айтады.

Роза Рымбаева, әнші:

- Ән айтып тұрсаң тіпті үлкен сахнаға қарай шығып, соткасына суретке түсіп жатады. Бұл-мәдениетсіздік деп санаймын.

Халық әртісінің де сөзінің жаны бар. Ал Құралай Анарбекова, Ақан Сатаевтың «Жау жүрек мың баласында» ойнап елге танылғанда «сурет сұрағандардың» көңілін қайтарған кездері болыпты. 

Құралай Анарбекова, актриса:

- Осы уақытқа дейін енді «Жау жүрек мың бала» кезінде болған. Әрине, жанкүйерлерімді қолдап суретке түспегенде, сондай мезетте, қай уақытта суретке түсем?

Қазір Құралай дер кезінде «жұлдыз аруының» алдын алғанын айтады.

Дегенмен, «пір тұтып» алдына келген жанкүйерін, кеудеге итеретін танымалдар жоқ емес.