Сонымен, құны 70 мың долларды құрайтын темір тұлпары сатылған жоқ! Жеке кешінің алдында дәл осылай БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Сәкен Майғазиев, бір күнде 3 концертті қатар өткізді. Ал, «Музарттық» әнші тыңдармандарына уәде берген «тәтті кешті» тарту ете алды ма?!
Жанды дауыс, түрлі декорация, әр әнге арнайы әзірленген сахналық қойылымдар... Иә, Сәкен Майғазиевтің Алатау баурайындағы ән кеші дәл осылай ел есінде қалды. Жүзге жуық адам жұмылған шоуда қомақты қаржымен қатар, төгілген тер, ұйқысыз атқан талай таңдар бар.
Мейрамбек Бесбаев, «Музарт» тобының әншісі:
- Бұған әрине Сәкен көп дайындалды. Іштей моралдық тұрғыда да. Қаншам ұйқысыз түндер өтті деп ойлаймын. Сәкен осындай шоу жағынан, сахнаны безендіру жағынан болсын, басқаша бір бұрын-соңды болмаған қырынан көрсетсек деп, өзі армандап жүрген ойларын айтты. Біз де ойымызды айттық. Бүгін көріп жатырсыздар нәтижесін.
Майғазиевтің «Музартқа» дейінгі өмірі Кенжебек Жанәбіловке жақсы таныс.
Кенжебек Жанәбілов, «Музарт» тобының әншісі:
- Иә, біз енді бір ауылдың топырағында ойнап, бір өзенде жүзіп, балық аулап, бір ансамблде өнер көрсеткенбіз, «Шу еркесі» ансамблі деген. Ата-анамды қуантам деді. Кезінде ауылды тастап Алматыға келген кезі бар, содан өзінің атын шығарды.
Сәкен шоудан бөлек, кәсіби орындаушылығына да басты назар аударыпты. Әнші концерттік бағдарламасында акапелла жанрымен қатар, эстрада мен опера өнерін де үйлестіре білген. Ал, Майғазиевтің қуанышына ортақтаса келген Зарина Алтынбаева, кеш иесімен әлем классиктерінің шығармасын шырқады.
Зарина Алтынбаева, опера әншісі:
- Дуэт жайлы ұсыныс осыдан 2 ай бұрын түсті. Бірден қабыл алдым. Ол кезде мен Америкада жүрген едім. Бүгін Сәкеннің тыңдармандары үшін де, тосын-сый болғалы тұр. Екеуіміз «Пэр Тэ» ариясын орындаймыз.
Майғазиев бұл кеші арқылы өнердегі інілеріне де үлгі көрсеткендей.
Айқын Төлепберген, әнші:
- Өте қиын бір күнде үш концерт беру деген. Бірінші концертте дауыс ақырындап шығады. Екінші концертте ақырындап соңына таман өшеді. Үшінші концертте мүлдем дауыс болмау керек негізі.
Абырой болғанда үш концерт те ойдағыдай өтті. Дауысының қуаты сарқылмай, халық та дән риза кейіппен тарқасты.