Осыдан екі жыл бұрын, 8-наурыз мерекесі қарсаңында Мария Шарапова «милдронат» қолданғанын мойындап, айды аспанға шығарған еді. Бүгінде, Геннадий Головкинмен жекпе-жек өткізуіне екі ай қалғанда, Сауль Альварес те допинг-дауға ілікті. Толығырақ тілшіміз тарқатады.
Сауль Альварес тапсырған допинг-сынақ оң нәтиже көрсетті деген ақпарат әлемдік БАҚ беттерінде жарыса жазылып, бокс жанкүйерлері бір дүрлікті. Мексикалық спортшының ағзасына кленбутерол бұзылған ет арқылы енуі мүмкін деген болжам айтылуда. Бұл рұқсат етілмеген дәрімен адамға бұлшықет массасын өсіруге және майды жоюға көмектеседі. Ал спорттан тыс аталмыш препарат жануарлардың массасын жетілдіруде кеңінен қолданылады екен.
Антидопингтік VADA ұйымы мен Невада штатының Атлеттер комиссиясы, нақты тергеу ісі мен зерттеу нәтижелеріне қол жеткізбей тұрып ешқандай шешім шығармайтынын жариялады. «Канело» жаттығу лагерін Мексикадан АҚШ-қа ауыстырып, жекпе-жекке дейін де, кейін де қажетті допинг-сынама тапсыруға дайын отыр. «GGG-дің» командасы Головкиннің қаны әрқашан таза екендігін және мән-жайын анық білмейінше, Альваресті ашық кінәлаудан аулақ екендіктерін білдірген.
5-мамыр күні Лас-Вегастағы T-Mobileв спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған, Головкин-Альварестің қарымта жекпе-жегінің болмай қалу қауіпі жоқ деседі спорт мамандары. Себебі, бокс кешіне миллиондаған доллар қаржы құйылып қойған. Кейбіреулер, бұл қос команданың айтулы кездесуді жарнамалауға арналған пиар-қадамы деп болжайды. Бұрыннан-ақ, кленбутеролға қатысты допинг-дауға мексикалық боксшылар жиі іліккен. Қазір, «GGG мен Канелоның» екінші айқасы жайлы да жұрт қызу айта бастағаны анық.